Елімізде денсаулық сақтау саласының бірыңғай порталы іске қосылады

Денсаулық сақтау министрлігінің 17 мемлекеттік ақпараттық жүйесі бір-бірімен интеграцияланады, деп хабарлайды 24kz.

Ауқымды жұмыс келер жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Медициналық кітапшалар мен анықтамалар жеке цифрлық форматқа көшіріледі. Нәтижесінде дәрігерлердің жүктемесі екі есе азайып, қызмет сапасы артады деп болжанып отыр. Жалған медициналық анықтама әзірлейтіндерге де тосқауыл қойылады. Саланы цифрландыруға бағытталған шараларды Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов атап өтті.

Мәселен қазір дәрігерлер жүкті әйелді тіркеуге алу үшін екі ақпараттық жүйемен қатар жұмыс істеуге мәжбүр. Ал, толтырылатын мәліметі бірдей. Диспансерлік есепке алу, онкологиялық науқастарды қабылдау да осы тәртіппен жүргізіліп келеді. Одан дәрігердің де, пациенттің де екі есе көп уақыты жұмсалып отырғанын айтады мамандар. Жүктемені азайту үшін қолданыстағы барлық ақпараттық жүйені интеграциялау қажет. Елде бұл жұмыс басталған. Енді аяғына дейін сапалы іске асыру міндеті тұр.

Ербол Оспанов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Тек қана 1 ақпараттық жүйеде жұмыс істейтін жағдайға жеткізуімз керек. Және де денсаулық сақтау саласының ақпараттық жүйесін біздің серіктестеріміз тиісті меморгандар ақпараттық жүйелерімен ықпалдандыру жұмыстарын жасау керек. Ол жаңағы Цифрлық даму, Қаржы министрлігі, Еңбек министрлігі, Оқу-ағарту.

Кейде бір науқасты қабылдау жарты сағатқа созылады. Осыдан емханаларда ұзын-сонар кезек туындайды. Бұл – қағазбастылықтың салдары. Енді қабылдауды 15 минуттан асырмау көзделіп отыр.

Ербол Оспанов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Бүгінгі таңда дәрігерлермен жеке кездесіп, біздің IT саласының қызметкрелері кездесіп, ақпаратық жүйеде қандай ақаулар бар, қандай жетіспеушіліктер бар, қандай ұсыныстар бар солардың барлығын ескере отырып, біраз жұмыс атқардық. Нәтижесінде дәрігерлердің пайымдауы бойынша жұмыстар 20-30%-ке жеңілдеді. Бірақ ол жеткіліксіз, одан әрі жақсартуымыз керек.

Енді 8 түрлі медициналық анықтама электронды нұсқаға көшіріледі. Бұл – азаматтар жиі қолданатын «Еңбекке жарамсыздық туралы парақ», «Баланың денсаулық паспорты», «Көлік құралын басқаруға рұқсат қағазы» секілді анықтамалар. Келер жылдың соңына дейін жеке медициналық кітапшалар да цифрлық форматқа ауыстырылады. Нәтижесінде жалған анықтама мен санитарлық кітапша жасайтындарға тосқауыл қойылады.

Бауыржан Мелдебай, ҚР ДСМ Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы:

- Мына мәселе бар бізде, жалған ақпарат, яғни, қосып жазу дейміз ғой. Сонымен күресуге көп септігін тигізеді. Осы Астана қалсында бірнеше медициналық ұйымда FaceID атты сервисті іске қостық. Ол жерде пациент дәрігердің қабылдауында болғанда келбеті арқылы индентицикациялайды да, тиісті медкөмекті қабылдайды. Бұл тәсіл бізде қосып жазу, заңсыз жазулармен күресуге пайдасын тигізеді.

2025 жылдың соңына дейін денсаулық сақтау саласының бірыңғай порталы іске қосылуы тиіс. Ол емдеу мекемелеріне «бір терезе» қағидатымен тіркелуге, барлық дәрігерлік қызметтерді алуға, азаматтардың цифрлық паспортын, статистикалық есептерді жүргізуге мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – ортақ жүйе арқылы медициналық мекеме мен азаматтар арасында тікелей кері байланыс орнатуға жағдай жасалады.

Авторлары: Рухани Абдрахман, Абдулхамит Бөлекбаев