Орфандық препараттарға қатысты қаржыландыру тізбесін нақтылау қажет
Орфандық препараттарға қатысты қаржыландыру тізбесін айқындау қажет.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлгііне осындай тапсырма жүктеді. Әрі халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша ақпараттық жұмысты күшейтуі қажеттігін айтты. Сирек кездесетін аурулары бар жандарды емдеу тәсілдері қайта қаралып жатыр. Бүгінде арнайы Республикалық орфандық аурулар орталығы құрылған. Үкімет басшысы 2025 жылға арналған дәрі-дәрмекті жеткізу рәсімдерін жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Президент ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды іске асыруды тапсырды. Бұл орайда халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету – аса маңызды мәселе болып отыр. Мемлекет медициналық көмек көрсету кезінде және есепте тұрғандарға дәрілік заттарды тегін береді. Бұл мақсатқа биылдың өзінде бюджеттен шамамен 500 млрд теңге бөлінді. Дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету және оларды алдын ала сатып алу – ең басты міндеттердің бірі.
Отандық фармацевтика әлеуеті артып келеді
Биыл отандық фармацевтикалық өнімді өндіру көлемі 124 миллиард теңгеге ұлғайды. Осылайша өсім 18 пайызды көрсетті. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, келер жылы бұл көрсеткіш артып, отандық дәрі-дәрмек тізбесі кеңейтіледі. Бүгінде отандық фармацевтика саласында 207 кәсіпорынның өнімі нарыққа шығарылған. Оның 43-і дәрілік заттарды өндіреді.
Жалпы биыл тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 474 миллиард теңге бөлінген. Оның 251 миллиарды амбулаториялық деңгейдегі 3,5 миллион науқастың тегін дәрімен қамтылуына жұмсалған. Ауыл тұрғындарының қажетті препараттармен қамтылуы үшін, медициналық ұйымдарға 172 дәріхана және 694 жеке дәріхана ұйымдастырылды. Тағы 15 жылжымалы дәріхана пункті өз жұмысын жүргізд
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Пациенттердің стационарлық деңгейдегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға сәйкес орталықтандырылған және дербес сатып алу арқылы жүзеге асырылады. Осы жылы орталықтандырылған сатып алу көлемі 241 млрд теңгені құрады. Алайда стационарлық деңгейде дәрілік заттарды және медициналық құралдарды өздігінен сатып алу процестері қағаз жүзінде жүргізілетіндіктен, олардың шығындарына талдау жүргізу мүмкін емес. Сондықтан денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық ұйымдардың дәрі-дәрмек пен медициналық құралдарды сатып алуы Қаржы министрлігінің Электрондық қаржыландыру орталығының веб-порталында жүзеге асырылады.