Отандық фармацевтика әлеуеті артып келеді

Биыл отандық фармацевтикалық өнімді өндіру көлемі 124 млрд теңгеге ұлғайды.

Осылайша, өсім 18 пайызды көрсетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді. Ақмарал Әлназарованың айтуынша, келер жылы көрсеткішті арттырып, отандық препараттардың тізбесі кеңейтіледі. Бүгінде отандық фармацевтика саласында 207 кәсіпорынның өнімі нарыққа шығарылған. Оның 43-і дәрілік заттарды өндіреді.

Жалпы биыл тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 474 млрд теңге бөлінген. Оның 251 млрд – амбулаториялық деңгейдегі 3,5 млн науқастың тегін дәрімен қамтылуына жұмсалған. Ауыл тұрғындарының қажетті препараттармен қамтылуы үшін, медициналық ұйымдарға 172 дәріхана және 694 жеке дәріхана ұйымдастырылды. Тағы 15 жылжымалы дәріхана пункті өз жұмысын жүргізді.