Павлодар облысында 26 мың адам қант диабетіне шалдыққан

Қазақстанда жарты миллионға жуық адам қант диабетіне шалдыққан.

Оның 26 мыңы Павлодар облысында тұрады.

Аймақта жылына 1 жарым мың науқас есепке алынады. Әзірге адамзат қазақ сусамыр атайтын дертті жеңуге дәрменсіз. Бірақ оның алдын алуға болады, дейді мамандар.

Павлодарда қант диабеті мектебі 6 жыл бұрын құрылды. Ол №3 қалалық аурухананың жанынан ашылған. Нұсқаушы Татьяна Королёваның өзі де қант диабетінің бірінші типіне шалдыққан. Аурумен күресіп келе жатқанына 26 жыл өтті. 

Татьяна Королёва, қант диабеті мектебінің нұсқаушысы:

- Бұл бір күн ішінде пайда болған ауру емес. Науқас онымен өмір бойы күреседі. Мектебімізде тамақтанудан бастап ағзадағы қант мөлшерін бақылауда ұстауға дейін үйретеді. Инсулин мен дәрі-дәрмектерді қай кезде және қалай қабылдау керектігі көрсетіледі.

Ал Екатерина Сыскаева жастайынан сусамырға шалдыққан. Жиырма жастағы бойжеткен қатты күйзеліке душар болған. Соның кесірінен ауруы күрт асқынған. Ол қант диабетінің бірінші типімен ауырады. Яғни инсулинге тәуелді. Қандағы қант мөлшерін өлшеп, дәрісін уақытылы ішеді. Қалыпты өмірге дағдыланған Екатерина болашағына үмітпен қарайды. 

Екатерина Сыскаева, диабет мектебінің емделушісі:

- Менің сусамырмен ауырғаныма 13 жыл болды. Қанттың көтеріліп немесе түсіп кеткенін өзім бақылай аламын. Әрдайым өзіммен бірге инсулин, қант өлшегіш құрылғыны алып жүремін. Далада, көлікте, көшеде, кинотеатрда, кафеде қай жерде жүрсеңіз де жағдайыңыз нашарлай бастаса өз-өзіңізге алғашқы көмек көрсете білгеніңіз абзал. Қантты үнемі бақылауда ұстау маңызды. 

Диабет мектебі де қантты бақылауда ұстауды үйретеді. Эндокринологтар ең бастысы толыққанды өмір сүруге кеңес береді. Себебі ауру дендеп барады. Жастар мен балалар арасында екінші типі көп кездеседі. Бұған заманауи өмір сүру салтының әсері көп. Мамандардың айтуынша әлем елдері қант диабетін инфекциялық емес пандемияға жатқызады. 

Ирина Тумарцева, эндокринолог:

- Қант диабетінің екінші типі әдетте ересек адамдарда жиі кездеседі. Ол артық салмақтың әсерінен пайда болады. Әсіресе дұрыс тамақтана білмейтін, іш-құрылысы немесе эндокриндік жүйесі сыр берген   адамдар ауырады. Сондай-ақ бұл індет тұқым қуалайды. Демек, біртіндеп пайда болады. Ал аурудың бірінші типіне шалдыққандар екі-үш апта немесе бір айда дәрігерден өзінің диагнозы туралы біліп жатады. 

Қант диабетін емдеудің   жаңа технологиялары енгізіле бастады. Солардың бірі хирургиялық әдіспен емдеу. Ондай операциялар Қазақстанда да жасалады. Бірақ  нәтиже қандай  болатынын эндокринологтар айта алмайды. Сол себепті  аурудың алдын алудың ең қарапайым жолын ұсынады. Ол дұрыс тамақтанып, салауатты өсір салтын ұстану.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков