ШҚО-да жыл соңына дейін 13 медициналық пункт ашылады
Шығыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін 13 медицина бекеті ашылады, деп хабарлайды 24KZ. «Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын жаңғырту» бағдарламасының нәтижесі», – дейді мамандар.
Жақында Феклистов елді мекенінде заманауи медицина мекемесінің құрылысы аяқталды.
Феклистов елді мекенінде 200-дей адам тұрады. Ауырып сырқаған ауыл жұрты осы ескі нысанда ем-дом алуға мәжбүр. Санитар маман жердің таза болуына ғана емес, жылы болуына да жауапты.
Енді мұндағылдар отын тасып, пеш жағудан құтылды. Ауылда бірнеше кабинеті бар замауни медициналық пункт салынды. Бұл сәтті көптен күткен тұрғындар жаңа мекемені өздері тексеріп, қабылдап алды. Зейнеткер Тамара Пешкова ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отыр. Сондықтан денсаулық сақтау саласының жаңаруына дән риза.
Тамара Пешкова, Феклистов ауылының тұрғыны:
- Бұл күнді ауыл жұрты ұзақ күтті. Медициналық бөлімшені ескі мекемемен салыстыруға келмейді. Аралап көріп шықтық. Кабинеттері кең. Ең бастысы, бұл жерде барлық ақпарат компьютерде тіркеледі.
Яғни, Өскеменге жолдама алу да жеңілдеді. «Ең қиыны – жұмыс істейтін маман табу», – дейді сала басшылары. Себебі штаттағы қызметкер бала күтіміне байланысты демалыста. Әзірге 45 шақырым жердегі Серебянскіден дәрігер жіберіп амалдауға тура келеді.
Сәтбек Борбасов, Серебрянск қалалық ауруханасының бас дәрігері:
- Біз Серебянск қаласынан осы жерге дәрігерлерді кезек-кезек жолдап отырамыз. Осы жердегі жергілікті атқару органдарымен бірлесіп шешіп, халыққа медициналық қызметті дереу беру үшін қазір осы мәселемен айналысып жатырмыз.
Ауылдық жерлерді ыңғайлы медициналық мекемемен қамту әлі де жалғасады. Жыл соңына дейін Зайсан, Шемонайха сияқты шалғай аудандарда 13 нысанның құрылысы аяқталады деген жоспар бар.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.