Қант диабетімен ауыратын науқастың көбеюі дәрігерлерді алаңдатып отыр
Елімізде күніне 100 адамнан қант диабеті анықталады.
Мұндай жағдай дәрігерлерді алаңдатып отыр. Биыл Қазақстанда 486 мың 174 науқас тіркелген. Оның 450 мыңнан астамында 2-типті диабет екен. Бұл ауру бұрын тек ересек адамдарда жиі кездессе, қазір балалар мен жасөспірімдер арасында да белең ала бастаған. Оған құнарсыз тамақтану мен қозғалыссыз өмір салтының әсері бар, дейді мамандар.
Қант диабеті созылмалы аурулардың бірі. Ежелден «Сусамыр» деп аталатын ауру қазір балалардан да анықталып жатыр. Астана тұрғыны Гауһар Аубекованың ұлы Есенгерей де қант диабетінің бірінші түріне шалдыққан. 3 жасынан осы дертпен арпалысып келеді. Содан бері ай сайын дәрігердің жіті бақылауында. Жалпы елімізде бұл дертпен күресіп жүргендерге ем-дом тегін. Оған жыл сайын бюджеттен шамамен 45 миллиард теңге бөлінеді.
Гауһар Аубекова, қала тұрғыны:
- Есенгерей қазір 5 жаста. Ол әлі өзінің ауруы жайлы толық білмейді. Қанындағы қанттың мөлшерін үнемі бақылап отыру үшін қолына арнайы құрылғы орнатып қойдық. Дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанамыз. Тек солай ғана ауруды тежеуге болады.
Эндокринолог дәрігерлер сусамырдың алғашқы белгілері айқын болатынын айтады. Яғни адам шөлдей береді. Кіші дәрет жиілеп, көз бұлыңғырланып, шаршау басады. Тіпті кейде дене салмағы түсіп немесе көбеюі мүмкін. Мұндай жағдайда бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Уақыт өте келе қант диабеті жүрек пен бүйректің жұмысын нашарлатып, көздің көруін қиындатады.
Әсем Қазыбекова, эндокринолог дәрігер:
- Қант диабеті – бұл созылмалы және әлеуметтік маңызды ауру. Пациенттер дәрігердің тағайындауларын орындап, дұрыс өмір сүру салтын қолданып, психологиялывқ тұрғыда ауруын қабылдап онымекн күресуге дайын болған кезде жақсы нәтиже береді. Республикамызда қан диабетіне шалдыққан науқастарға жасы мен типіне қарамай медициналық дәрі-дәрмек көмегі тегін жүргізіледі.
Қазақстанда сусамырмен ауыру соңғы 15 жыл ішінде 3,5 есе өсіп кеткен. Дәрігерлер аурудың алдын алу үшін скринингтен уақытылы өтіп тұру қажет, дейді. Алайда адамдардың көбі оған жүрдім-бардлым қарайды. Тіпті ауруы асқынғанда ғана жүгінеді. Жалпы сусамырмен күресу оңай емес. Ауруды жеңетін арнайы бағдарламаның жоқтығымен қатар, нақты осы саланы зерттейтін маман тапшы.
Жанай Ақанов, Қазақстандық қант диабетін зерттеу қоғамының президенті:
- Өкініштісі елімізде қазір сусамырмен күресдің ұлттық бағдарламасы жоқ. Қазір тек денсаулық сақтау министрлігі ғана бақылап отыр. Бұл жеткіліксіз. Қазір қант диабетіне шалдыққандар көбейіп барады. Сондықтан мемлекеттік деңгейде жүйелік емдеу жұмыстары жүргізілуі қажет.
Дегенмен, сусамырдың тұқым қуалайтынын да естен шығармаған жөн. Бұл аурудың алдын алуда адамның күнделікті өмір салты маңызды. Артық салмақ пен қозғалыстың аздығы да кері әсер етеді, деді дәрігерлер.
Айнұр Қуатқызы, Әбдүлхамит Бөлекпаев