Сәтбаевта травматологиялық пункт құрылысы басталды

Сәтбаев қаласында бір ауысымда 50 науқасты қабылдайтын травматологиялық пункт құрылысы басталды, деп хабарлайды 24KZ. Жоба облыс әкімдігі мен ірі өндірістік компания арасындағы әріптестік аясында қолға алынды. Құны 1 млрд 200 млн теңге.

70 мыңнан астам тұрғыны бар кеншілер қаласында жарақаттану бөлімшесінің жоқтығы көптен бері айтылып жүрген еді. Өндірісте жараланған адамдар алғашқы көмек алу үшін облыс орталығы Жезқазғанға жіберіледі. Жаңа нысан келер жылы қазан айында қолданысқа беріледі. Тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейтін кешен толықтай заманауи үлгіде жабдықталады.

Еркебұлан Бейсембаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Ол жерде көптеген шахта бар. Сондықтан да өндірісті қала болғаннан кейін заманауи толық техникамен қамтамасыз етілген трваматологиялық пункт, әрине, қажет. Өте жақсы, толық медициналық жабдықтармен жабдықталған пункт болады деп күтіліп отыр.