СҚО-да биыл 27 медициналық мекеме ашылды
Солтүстік Қазақстан облысында «Ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 емдеу мекемесі ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Оның басым бөлігі облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендерде салынды. Бұл ауылдағы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын көтеруге мүмкіндік береді.
Заман талабына сай медициналық пунктің бірі Кондратовка ауылында салынды. Оның құрылысына ұлттық жоба аясында 133 млн теңге бөлінген. Қазір емдеу мекемесіне жаңа қондырғылар мен жиһаздар қойылып жатыр. Бұл елді мекенде 500-ден аса адам тұрады. Енді олар осында келіп қаралады.
Александр Құдайбергенов, Қызылжар аудандық ауруханасының директоры:
- Биыл Қызылжар ауданында «Ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 8 медициналық нысан салынды. Атап айтқанда, 7 фельдшерлік-акушерлік және бір медициникалық пункт. Мысалы, бұған дейін мына Кондратовка ауылында емдеу мекемесі болмаған. Мамандар адамды элеватор мен темір жол ғимаратындағы жалдамалы бөлмеде қабылдайтын.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында Президент тапсырмасымен іске қосылған ұлттық жоба аясында 38 медициналық нысанның жобасы жасалды. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінді.
Нұрболат Иманжанов, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір 27 медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Қалған ұйымдар жыл соңына дейін тапсырылады. Олардың бәрі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазір өңірде «Ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасымен 20 медициналық және 7 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.
Оның ішінде Қызылжар, Ақжар, Мамлют аудандарында 4, Тимирязев, Шал ақын аудандарында 3, Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев, Аққайың аудандарында 2, Уәлиханов, Тайынша, Жамбыл аудандарында 1 нысаннан пайда болды.