Шайдың пайдасынан зияны көп — мамандар

«Ыстық шайды бәрі ішеді. Бірақ оның денсаулыққа зияны да бар», – дейді мамандар. Тым ыстық болса, асқазан аурулары көбейіп, өңеш обыры өршуі мүмкін. Әсіресе бұл мәселе егде жастағы жандардың арасында өзекті.

Ыстық шайдан келетін қауіп көп

Біз күнделікті шай ішеміз, бір отырғанда бірнеше кесе жай ішеміз. Иә, қазақ халқы шай ішуден әлемде үздік ондыққа кіреді. Әрбір қазақстандық жылына 1,5 келі шай өнімін тұтынады. Нақты деректерден дәйек келтірсем, биыл алты айда елге 13 мың тонна шай импортталған. Яғни, отандастарымыз 40 млн долларға шай сатып алған.

Бірақ білетіндер: «Шайдың пайдасынан зияны көп», – дейді. Себебі ыстық сусынды ішкенде өңеш тітіркеніп, асқазанның бүрлі қабаты ауырсынады екен. Артынша ас қорыту қиындап, тіпті түрлі ауруларға алып келуі бек мүмкін.

Жанна Нұрбергенқызы, академик Е.Д. Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері:

- Ыстық ішкен кезде ең бірінші сол бүрлі қабат тітіркенеді, қатты. Одан кейін, екіншіден, ол жерден бөлінетін сөл дұрыс мөлшерде бөлінбей қалады. Содан біздің асымыз дұрыс қорытылмайды. Асты қорытатын сол асқазанның бүрлі қабатынан бөлінетін біздің асқазан сөлдері болып табылады. Сол себепті ыстықты ішуді кеңес бермеймін.  

 

Салқын су ішу денсаулыққа зиян

Сол себепті ыстық сусынның орнын суға алмастыру керек. Өйткені өкпенің 90, қанның 80, мидың 75%-і судан тұрады. Ал салқын немесе ыстық судың қайсысын тұтынамын десеңіз, маман кеңесіне құлақ асыңыз.

Жанна Нұрбергенқызы, академик Е.Д. Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері:

- Жалпы қандай суды ішкен дұрыс? Ең бірінші ол міндетті түрде қайнамаған болуы тиіс. Қайнаған су – ол өлі су. Біздің ағза үшін барлығы табиғи болғаны дұрыс. Сол себепті табиғатынан қайнамаған, бөлме температурасында жылытылған су болсын, қайнамаған су болу керек. Екіншіден, қатты суық су іше алмаймыз. Өйткені қатты суық су, біріншіден, ас қорыту жүйемізге зиянын тигізеді. Ішкі ағзаны, бүрлі қабаттарды тітіркендіруі мүмкін. Екіншіден, ол суық суды жылытуға да біздің ағзамыздан көп энергия кетіп қалады.

Иә, мамандар қанжылым суды ішкенді құп көреді. Әсіресе ашқарынға ішкеннің ішекке, бүйрекке, асқазанға пайдасы көп.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы.