БҚО-дағы Базартөбе ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында үш жылда 50 нысан салу көзделген. Былтыр соның 12-і тапсырылса, биыл жыл соңына дейін 24 медициналық амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталмақ. Кеше Ақжайық ауданы Базартөбе ауылында кезекті дәрігерлік амбулатория ел игілігіне пайдалануға берілді.

Жайықтың Бұқар бетінде орналасқан Базартөбе ауылы үшін жаңа емдеу мекемесінің маңызы ерекше. Өйткені аудан орталығына пароммен не қалқымалы көпірмен қатынайтын тұрғындар көктем-күзде көбіне қатынассыз қалады. Ал жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияда сырқат сырын анықтап, сапалы ем көрсетуге барлық мүмкіндік бар. 

Алмагүл Ахметова, дәрігер:

- Осындай нысан бой көтеруі ауыл халқының өмір сүру деңгейін жақсартып, сапалы медициналық көмек алуға зор көмегін тигізеді деп сенеміз. Зерттеу-талдау жасауға, скринингтен сапалы өткізуге.

Қадырбек Қарағұл, Базартөбе ауылының тұрғыны:

- Заманауи типтік жобада салынған емхана бұрынғымен салыстыруға болмайды, әрине. Ескі ғимаратта болды, келгенде қараңғы. Мында бөлмесі жап-жарық әрі жылы. Келген адамға сондай қуаныш сыйлап тұрады.

Ауыл тұрғындарының қуанышын бөліскен өңір басшысы Нариман Төреғалиев Базартөбедегі жаңа амбулатория облыста биыл салынуы тиіс 24 нысанның 14-шісі екенін атап өтті. Ал жалпы 3 жылда ұлттық жоба аясында өңірде 50 медициналық мекеме пайдалануға берілмек.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Соның бәрі ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласын жаңғырту, қаладағыдай ауылдағы адамдар үшін сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында халыққа қолайлы жағдай жасалып жатыр. Бұның бәрі – Мемлекет басшысының тапсырмасы.

Сондай-ақ облыс әкімі атап өткендей, биылдан бастап алыс ауылдарға барған дәрігерлерге көтермеақы 5 миллионнан 8 миллион теңгеге өскен. Соның нәтижесінде 130 маман ауылдық жерге жұмысқа орналасыпты.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.