ҰҒМО-да жылына 1000 адамға тегін операция жасалады
Жылына 40 мың шамасында адам жүрек-қан тамырлары аурулары салдарынан көз жұмады, деп хабарлайды 24kz.
Сондықтан дерттің алдын алып, дер кезінде ем қабылдаған маңызды.
Ұлттық ғылыми медициналық орталықта жылына мыңдаған адамға күрделі операция жасалады.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Қызылордалық Раушан Оңғарбайқызын кейінгі он жылда жүрек дерті мазалап жүр. Осымен үшінші мәрте операция жасатты. Бұған дейін 2016 және 2022 жылдары жүрегіне аппарат қойдырған еді. Жақында тағы да кардиостимуляторын жаңартуға мәжбүр болды. Қарға адым жүрсе ентігіп, жүріп-тұруы мұңға айналған апайдың қазір көңіл күйі көтеріңкі.
Раушан Тоқаева, Қызылорда облысының тұрғыны:
- Аллаға шүкір, қазір кардиостимулятор ауыстырып, қазіргі уақытта көңіл-күйім, денсаулығым өте жақсы. Өздігімнен жақсы тұрып, жаңадан өмірге келгендей болып жатырмын, шынын айтқанда. Бұл жүрек деген адамның ең негізгі мүшесі ғой. Ол дұрыс жұмыс жасамаса, ешнәрсе керек болмай, адам тіпті өмірден былай түңіліп кетуге дейін барады екен.
Ұлттық ғылыми медициналық орталықта жылына мыңға жуық операция жасалады. Бұлардың барлығы күрделі операциялар. Ең бастысы, орталық заманауи тәсілдерді барынша қолданып келеді. Теріні кеспей, тамыр арқылы операция жасап, кардиостимулятордың әлдеқайда шағын, сапалы түрін орнатады. Ересектермен қатар салмағы 20 келіге жетпейтін балаларды да осы жерде емдейді.
Ұлан Қабаев, Ұлттық ғылыми медициналық орталық аритмология бөлімінің басшысы:
- Әрине, бұл – үлкен жетістік. Өйткені балаға операция жасау оңай емес. Біріншіден, баланың жүрегі кішкентай. Өте сақтықпен қимылдау керек. Екіншіден, бала қалай ауырып тұрғанын айтып бере алмайды. Бірақ диагнозды дөп басу қажет. Сондықтан балаға операцияны өте тәжірибелі хирургтер жасайды.
Орталықта тәжірибелі дәрігерлермен қатар жас мамандар да көп. Оларға адам өмірі бірден сеніп тапсырылмайтыны белгілі. Ондаған жылдар бойы хирургке көмектесіп, тәжірибе жинайды. Науқастардың диагнозын дәл қоюды үйренеді. «Себебі өзінің жүрегі ауыратынын білмейтін жандар да кездеседі», - дейді дәрігерлер.
Айнұр Андақұлова, кардиолог дәрігер:
- Жалпы кардиологияда емделетін науқастардың ішінен зерттелген науқастарда 20%-інде жүрек ырғағының бұзылуы анықталады статитиска бойынша. Ең жиі кездесетін аритмологияда шағымдар, ол науқастың жүрегінің тез немесе баяу соғуы, бас айналуы, кейде есінен танып қалуы, ентікпе, әлсіздік, тез шаршау, ол былай жалпы айтқан кезде шағымдар. Кейбір науқастарда ешқандай шағым анықталмайды. Тек диагностика ретінде, жалпы ЭКГ түсірген кезде байқалады.
Орталық қызметі тегін. Операция жасату үшін кезекке тұрып, квота алу керек. Квота бір айдың ішінде беріледі. Ал Қазақстан резиденті болмаса, операция құны 2 млн 250 мың теңгеден 8 млн 400 мың теңгеге дейін барады.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Абдулхамит Бөлекбаев