Қызылорда облысында 130 медицина маманы жетіспейді
«Кадр тапшылығын жою үшін шамамен 5 жылдай уақыт қажет», - дейді мамандар.
Ауылдық елді мекендерде неонатолог, нефролог, травматологтарға сұраныс байқалған. Өңірде дәрігер жетіспеушілігін шешу үшін қандай шаралар қолға алынған?
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- 29 жастағы Әли Сайфулла бірнеше ай бұрын Қызылорда қалалық ауруханасына травматолог-дәрігер болып жұмысқа орналасты. Ол Қарағанды медициналық университетін хирург мамандығы бойынша бітірген. Кейін резидентурағы түсіп, травматолог болуға шешім қабылдайды. «Аймақта травматолог дәрігердің тапшылығын байқаған соң осындай қадам жасадым», - дейді.
Әли Сайфулла, травматолог-дәрігер:
- Мен Қармақшы ауданында жұмыс істеген кезде ол жақта тек қана хирург мамандығы бар, травматолог жоқ еді, біздің кезде, қазір келді. Сол кезде өзім сүйектерді салып, шыққан буындарды салып, өзіміз жасағаннан кейін травмотологияға қазағушылығым артты. Сол бойынша травмотологияға келдім.
Учаскелік дәрігер Әлихан Мұсаның айтуынша, жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша туған жері Қызылордадан қызмет табу еш қиындық тудырмаған. Қазір ол №6 емханада қызмет істеп жүр. Оның жауапкершілігінде шамамен 1800 тұрғын бар. «Бұл мекемедегі дәрігер алдындағы ұзын-сонар кезек айтарлықтай азайды», - дейді ол.
Әлихан Мұса, учаскелік дәрігер:
- Қазіргі таңда бізде қабылдау 5 сағат жүргізіледі. Әрбір пациентке 15 минуттан берілген. Күніне 20 адамнан қабылдаймыз десек болады. Кейде сәл артығымен қабылдайтын күндер болады.Ол осы жылдың мерзіміне, мезгіліне байланысты күздің кездері, адамдар ауырған кезде, жиі ауырған кезде пациенттің саны көбейеді.
Өңірде медицина мамандарын қолдауға арналған бірқатар шаралар жүзеге асуда. Жыл сайын үздік түлектерге медициналық университеттерде білім алу үшін грант бөлінеді. Өзге аймақтан көшіп келуге ниетті дәрігерлерге қызметтік пәтерлер де қарастырылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынының мәліметі бойынша былтыр Қызылорда облысына медициналық жоғары оқу орындарының 57 түлегі келіпті. Оның 19-ы ауылдық жерлерде қызмет істеуді таңдаған.
Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Президенттің тапсырмасына сәйкес ауылдық елді мекенге барған тар буынды мамандарға 2024 жылдан бастап 500 АЕК есебінде бір мезеттік көтерме ақы беріп жатырмыз. Аралдағы екі неонатолог дәрігерімізге, Қармақшыдағы травматолог дәрігерімізге, Қазалы ауданындағы акшер-гинеколог дәрігерімізге, 4 маманға осындай тиісті көмегін берудеміз.
«Бүгінде облыста 130 медицина маманына сұраныс бар. Аймақта дәрігер тапшылығын жою үшін шамамен 5 жылдай уақыт қажет», - дейді мамандар. Айта кетейік, былтыр елеміз бойынша өңірлерге медициналық жоғары оқу орындарының 4 мыңнан астам түлегі жіберілген. Оның ішінде 1200-ден астамы ауылдық елді мекендерге барды. 544 түлек әлеуметтік қолдау алды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев