Қазақстандық санавиация екі мыңнан астам шұғыл рейс жасаған

Қазақстандық санавиация өткен жылы 2 мыңнан астам шұғыл рейс жасаған, деп хабарлайды 24KZ. Оның ішінде 12-сі – шетелдік бағыттар. Ел ішінде көбіне Ақтөбе, Абай және Қызылорда облыстарына жедел ұшып барған. Таяуда елордадағы балалар кардиохирургия орталығына жүрегінде ақауы бар шақалақ жеткізілді. Оның жанын аман сақтап қалу үшін ондаған маман атсалысты. Құтқару операциясы қалай өтті?

Бұл қаршадай науқастың дүниеге келгеніне 1 апта да толған жоқ. Өкінішке қарай, тумасынан жүрегінде ақауы бары анықталды. Дәрігерлер шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдап, Ақтаудан Астанаға санавиация арқылы санаулы сағаттарда жеткізді. Өмірін құтқару үшін ұшқыштан бастап, әуежай қызметкерлеріне дейін мейлінше ширақ қимылдады. Өйткені әр минут маңызды. 

Орталыққа әкелген бойда бірден шұғыл операция жасауға кардиохирургия мамандары да сақадай сай тұрды. Өйткені мұнда жылына 30-ға дейін жедел хирургиялық араласу жұмыстары орындалады. 

Марина Решетняк, медициналық авиация дәрігері:

- Қыз баланың қол-аяғы сау, бірақ жүрегінде ақауымен туды. Бізге түсетін науқастардың барлығына дерлік күрделі операциялар жасалады. Әрбірінің басына түскен сынағы ауыр, тәуекелі жоғары. Түрлі асқыну да болуы мүмкін. Ұшақтар жеткілікті. Алайда әлде де алыс қашықтықты жылдам бағындыратын техника алдағы уақытта болады деп сенемін. Мәселен, Ақтаудан бері қарай 4 сағат ұштық. Бірақ бұл жердегі барлық маман – өз ісінің шебері. Бір-бірімізге рақмет айтып, қол алыстық.

Жүрек ақауын жою операциялары кардиохирургия орталығында жиі өткізіледі. Айына шамамен 2-3 науқас жеткізіледі. Көрші елден келіп емделетіндер де бар. Бөпенің жүрек клапанын ашуға дәрігерлер шамамен 3 сағатын жұмсады. Қуанышқа орай, операция сәтті өтті.

Амангелді Керімқұлов, балалар кардиохирургиялық орталығының директоры:

- Операция мемлекет есебінен тегін жасалды. Негізі құны - шамамен 3 млн теңге. Аз қаржы емес. Көбінің қалтасы көтере бермейді. Мемлекеттің қолдауы арқасында балаларымыздың өмірін осылай сақтап қалып жатырмыз.  

Отандық санавиация өткен жылы 2 мыңнан астам шұғыл рейс жасаған. Оның ішінде 12-сі – шетелдік бағыттар. Әдетте қан айналым жүйесінің бұзылуы, инсульт, балалардың патологиясы сияқты түрлі дерттерге байланысты көп шақырту түседі. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы директорының міндетін атқарушы Ержан Әділбеков осылай дейді.

Ержан Әділбеков, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Адам бойында белгілі бір нормадан ауытқу байқалса, біздің мамандар телемедицинаға кіріседі. Яғни жоғары санатты дәрігерлермен байланысқа шығып, науқасты емдеу жолдарын талқылайды. Егер пациентті ауруханаға дереу жатқызу қажет болса, шұғыл түрде санавиацияны жібереміз. Сондықтан әр шешім жағдайдың күрделілігі мен уақыттың тығыздығына байланысты қабылданады.

Ауыл тұрғындарына қолжетімді болу үшін елді мекендерде жедел жәрдемнің 200-ге жуық бекеті жұмыс істейді. Шамамен 900 санитарлық көлік жұмылдырылған. Аудандардың иелігінде 10 тікұшақ бар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Динара Жанбатырова, Марат Диханбаев, Риза Лепесова.