Елімізде бір жасқа толмаған балалар өлімі үш есе азайды

Өткен жылы еліміздегі бала туу көрсеткіші 4%-ке төмендеген. Қаңтар-қыркүйек аралығында 280 мың сәби дүние есігін ашыпты.

Дегенмен, кейінгі жылдары бір жасқа дейінгі бала өлімі көрсеткіші 3 есе азайды. Бұл – денсаулық сақтау саласындағы айтарлықтай нәтиже.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Елімізде ана мен бала денсаулығына үлкен көңіл бөлініп жатыр. Қазір құзырлы министрлік қарамағында 6,8 млн ана мен 4,7 млн бала бар. Өкінішке қарай іштегі баланың дамуындағы ақаулар түрленіп келеді. Оған экологиялық ахуал ғана емес, жүктілікке салғырт қараудың да салдары әсер етеді. Дегенмен, бүгінгі медицинаның әлеуеті мол. Ерте кезден анықтап, тиісті зерттеу жүргізудің нәтижесінде ана мен баланың өміріне, денсаулығына араша болу мүмкіндігі артты. Бұл жайлы Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова кеңірек айтып береді.

Мағрипа Ембергенова, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры:

- Қандай қауіп түрі болса да, әр анаға жеке-жеке сақтандыру амалын ұсынамыз. Мәселен, ауыр жүктілік, соматикалық ауытқулар болса, оларды көпбейінді стационарға жатқызамыз. Ол жерде жүрек, бүйрек, қан аурулары сияқты ішкі ағза емделеді. Республика деңгейіндегі клиникаларымыз да бар. Қазір ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы мен кардиоорталық бірге жұмыс істеп жатыр. Олар ананың да, баланың да өмірін сақтап қалуға күш салады. Ең бастысы, уақытылы емделген әйелге сәбиін дүниеге әкелуге рұқсат беріледі. Кейін ол балаға өмірге келе сала ақауынан арылту бойынша операция жасалады. Бұл 15 жылдан бергі айтулы жетістігіміз.

«Бір күндік клиникалар» өткен жылдың наурызында іске қосылды. Қазір 15 перинаталдық орталықтың базасында жұмыс істейді. Былтыр мұнда 35 мыңнан астам жүкті әйел кешенді зерттеп-қараулардан өткен.

Дәрігерлер ата-ана болу асқан жауапкершілікті талап ететінін айтады. Жүктіліктің өзіне тыңғылықты дайындалу маңызды. Осы ретте ТМД аумағында жоқ зерттеу орталықтары, мульти жабдықталған медициналық ұйымдар желісі біздің елде бар. Қазір 39 перинаталдық орталық жұмыс істейді. Неонаталды блоктардағы білікті мамандар 500 грамдық шақалақты да жетілдіруге қауқарлы. Ең бастысы, бір жасқа толмаған балалардың өлімі азайған. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш 3 есе төмендеді. Оны еселеу үшін әйелдер жүктіліктің 10-шы аптасына дейін есепке тұруы қажет. 12-ші аптада біз сөз еткен «Бір күндік клиникаларда» тиісті сараптамалардан өтеді.

Мағрипа Ембергенова, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры:

- Әйелдер ұсынылған сараптамаларды міндетті түрде өту керек. Ол баланың дамуында ақау бар ма? Болса, онымен қалай жұмыс істейміз? Ақауды дамытпаудың жолы қандай? Осының бәрін зерделейміз. Балада даун синдромы болуы мүмкін екені анықталса, арнайы генетикалық орталықтарға зерттеуге жібереміз. Тәуекел жоғары болса, жүктілікті тоқтатуға тура келеді. Өйткені бұл синдром жетіле берсе, баланың ақыл-ойы тежеледі, өмір сүруі қиындайды. Барлық тұрғын осыны жақсы түсіну керек.

Былтыр елде бала туу 4%-ке азайғаны белгілі болды. Елдегі беби-бум кезеңі негізінен пандемия уақытында тіркелген еді. Сол сандардан сәл бәсеңдеген. Дегенмен, Түркістан облысы, Алматы қаласы мен Алматы облысы туу көрсеткіші бойынша көш басында тұр. Ал ананың орташа жасы 29-дан асты. Бұл әлемдегі көрсеткішпен шамалас. Жаһандық сарапшылар осы жастың өсе беретінін айтады. 2030 жылы 28,53 жас, 2040 жылы орташа жас 28,84, 2050 жылы 29,02, 2100 жылы 30,21 жасқа жетеді.