Шымкентте 262 ағза ауыстыру операциясы жасалды

Шымкентте 262 бауыр, бүйрек және жүрек трансплантациясы жасалды, деп хабарлайды 24KZ. Аурухана дәрігерлері 10 жылда нейрохирургиялық, кардиологиялық, травма-ортопедиялық және қатерлі ісіктерді алып тастайтын жоғары технологиялық операцияларды өткізді. Алайда «Созылмалы сырқатқа шалдыққан тағы мыңнан аса адамды ажалдан арашалап қалу үшін мәйіттік донор туралы түсінікті дамыту керек», – дейді мамандар.

37 жастағы Әсия Түрікпенова күрделі операциялардан соң оңалып келеді. Айтуынша, бұған дейін өт жолдары бітеліп, бауырға біткен артық майдан азап шеккен. «Шетел ауруханаларында жасалатын ем-домның ақысы аса қымбат болғандықтан, отандық медицинаға жүгіндім», – дейді. Қазір жергілікті дәрігерлердің жіті бақылауына алынып, дертіне шипа табылды.

Әсия Түрікпенова, қала тұрғыны:

- Менде өте сирек кездесетін дерт. Біздің отандық дәрігерлер оған араша түсіп, өздерінің біліктілігімен мені қайтадан өмірге алып келгенмен тең болып отыр. Себебі қазіргі менің жағдайым келгендегіден әлде қайда жақсы.

Аймақтағы ауруханалардың базасы заманауи құрал-жабдықтармен толығып келеді. Осыдан кейін лапароскопиялық әдіспен күрделі операциялар тіліксіз жасалып, 60-қа жуық жаңа технология енгізілді. Жалпы бауыр мен бүйрек транспалантациясының 260 операциясы сәтті аяқталып, науқастардың өмір сүруі деңгейі жақсарған.

Дәурен Қабылов, №1 қалалық клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Бауыр-бүйрек трансплантациясы дамығаннан бастап барлық күрделі операциялар да дами бастайды. Диагностика, лоборотория, барлығы қатар дамиды. Асқазанның 12 ішекке өтетін жері бітеліп тарылса, оларды орнына келтіреміз. Бауырдың өт жолдарының тарылуы, ісікке айналуы, соның бәрі бізде жасалады.

Аймақта жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім 22% азайды. Былтыр арнайы орталықта алты мыңға жуық операция жасалып, оның үштен бірі тамыр ішілік стент орнатуға бағытталды. Ал 2 науқасқа мәйіттік донордың ағзасы трансплантацияланған.

Айнаш Балыбекова, кардиолог:

- 1 донор 5 науқастың өмірін құтқара алады. Жүрек шамасыздығы бойынша осы трансплантацияға жеткізу үшін 16 операциямызды өткіздік. Ол аппарат әрі қарай бұрынғы өміріне оралып, ентікпей, шаршамай жүруіне көмектеседі.

Қазақстанда 4 мыңнан астам адам ағза ауыстыру операцияларына мұқтаж. Былтыр тізімдегі ондаған науқасқа ғана трансплантация жасалды. Отандық дәрігерлер операцияның бұл түрі жақсы дамығанымен мәйіттік донор туралы түсінік толық қалыптаспағанын айтады. Сондықтан «Маңызды мәселені кеңінен түсіндіруге көңіл бөлген жөн», – дейді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов.