Абай облысында 62 стационарлық медициналық нысан пайдалануға берілді
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында Абай облысының ауылдарында 62 стационарлық медициналық нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды Абай облысының әкімдігі. Қазіргі уақытта оларды медициналық ұйымдардың балансына беру процесі жүріп жатыр. Биыл тағы екі нысан аяқталады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Үржар ауылында 10 төсектік күндізгі стационармен 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салу жобасы іске асырылып жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков ауылдағы бейінді мамандар тапшылығын шешу бағытында да жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Олардың қатарына тіс дәрігерлері, хирург, акушер-гинекологтар және т.б. кіреді.
«Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін 8,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы бөлу қарастырылған. Біз 2025 жылы аса тапшы мамандықтардың тізімін анықтау бойынша жұмысты жалғастырамыз. Кадрларды даярлауға да ерекше көңіл бөлінеді. 2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен облыстың 80 дәрігері шетелде іс-тәжірибеден өтті. Олардың ішінде аудандардан келген 15 маман Ресей, Германия және Әзірбайжанның жетекші медициналық мекемелерінде тағылымдамада болды. Бұл бағдарлама біліктілікті арттыруға және ауыл медицинасы жұмысына заманауи тәсілдерді енгізуге бағытталған», – деп атап өтті басқарма басшысы.
Облыста ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін 9 жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) жұмыс істейді. Олар 173 елді мекенді қамтыды. 2024 жылы 64 435 адамды қамту жоспарланса, іс жүзінде 56 233 тұрғын көмек алды.
Ауыл медицинасын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – материалдық-техникалық базаны жаңарту. 2024 жылы 1,3 млрд теңгеден астам сомаға 200 медициналық техника сатып алынды. 2025 жылға 1,2 млрд теңге сомасына тағы 182 жабдық сатып алу жоспарланған.