Алматылық дәрігерлер жүрегінде ақауы бар жаңа туған сәбилерді емдейді

Жүрек ауруын шарана іште жатқанда анықтап, емдеуге болады, деп хабарлайды 24KZ. Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы құрсақішілік операцияны жетілдіру жолдарын қарастырып жатыр. Қазір аурухана неонатальды хирургия бағытын сәтті жүзеге асырып келеді. Нәтижесінде туа бітті немесе дүниеге келгеннен кейін жүрек ауруына шалдыққан сәбилер аман-есен жазылады.

Жүрек ауруын дер кезінде анықтап, операция жасаса, одан құлан таза айығып кетуге болады. Перинатология және балалар кардиохирургия орталығының бөлім меңгерушісі Геннадий Нигай осылай дейді. Аурухана ашылғалы бері 14 жылда мұнда 2800 операция өткен. Соның 70%-і жаңа туған балаларға жасалған.

Геннадий Нигай, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының бөлім меңгерушісі:

- Диагноз расталса, бірден бізге ауыстырады. Бізде неонатальды ғана емес, 16 жасқа дейінгі балаларға операция жасалады. Өкінішке қарай, жүрек ауруы азаймай тұр. Оған туабітті немесе дүниеге келгеннен кейін де шалдығады. Біз жылына жаңа туған жүздеген нәрестеге ота жасаймыз. Әсіресе шала туған, салмағы 3 келіге жетпеген балаларға жасаған қиындық келтіреді. Бірақ біз  кішкентайлардың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз.

Мейіржанның жасы 2-ден асқан. Отбасындағы 4-ші бала. Анасы Сәуле ұлының жүрегінде ақау бар дегенді естігенде есеңгіреп қалған. Өзі Алматы облысында  тұрады. Ондағы дәрігерлер құжатын реттеп, бірден осында жіберген. Келісімен ота жасалған. «Содан бері 5-6 күн өтті, бала тез оңалып, ойнап кетті», – дейді анасы. Енді осы аптада үйге шығарады деп қуанып отыр.

Сәуле Мойнақбаева, Алматы облысының тұрғыны:

- Ота сәтті өтті. Құдайға шүкір. Бала қазір өзін жақсы сезінеді. Жүгіріп жүр, сау бала сияқты. Бізде қайта-қайта УЗИ жасайды. Бүгін де УЗИ-ге түсірді. Өкпесінде су болды деп еді ғой. Жүректің соғысы бәрі жақсы, өкпесінде суы кеткен, бәрі күшті, жақсы деп айтты.

Дарья болса екіге енді толады. Оған да дәрігерлер туғаннан кейін жүрек ақауы диагнозын қойған. Жүрегінде тесік пайда болған. Дарьяның операциясы ерекше әдіспен өтті. Әдеттегігедей төске емес, оң жақ қолдың астынан бүйірінен жасалды.

Геннадий Нигай, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының бөлім меңгерушісі:

- Даша – біздің бөлімдегі ширақ балалардың бірі. Операция кезінде еш қиындық болған жоқ. Мұндай тәсілдің косметикалық жағынан артықшылығы бар. Қалай дегенмен де қыз бала ғой. Тыртық болмайды. Ота ашық түрде жасалатындықтан, тыртық қалады. Ал Дашада ол тіпті көрінбейді. Оның үстіне жарасы тез жазылады. Оңалуы да жылдам. Операциядан соң екінші күні жансақтау бөлімінен палатаға шығарамыз.

Неонатальды хирургия сәбиге туғаннан кейін 2-3 күннен кейін операцияға алуға мүмкіндік береді. Кейде диагнозына қарай араға бірнеше ай салып немесе бір жылдан кейін жасайды. Дәрігердердің айтуынша, оның құны 3 млн теңгеден асады. Операция тегін жасалады. Қазір Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы жүрек ақауын ерте бастан анықтауды, яғни құрсақішілік түзетуді және туғаннан кейінгі емдеу жүйесін жақсартуды қарастырып жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов.