Міндетті медициналық сақтандыру тиімді ме?

Халық міндетті әлеуметтік медициналық қызметтің тиімділігін толыққанды көре алмай отыр. Мәжіліс депутаттары айта-айта жауыр болған мәселені бүгін тағы көтерді. Депуттаттар қор құрылғалы жүйе әлі ретке келтірілмей отырғанына күйінеді. Емханалардағы ұзын сонар кезек, басы ауырып, балтыры сыздаған жанның дәрігер таппай сандалғаны – осы саладағы кемшіліктердің көрінісі.

Жалпы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бері бар. Қазіргі таңда 16 млн 600 мың адам сақтандырылған. Төрт жылда 417 миллион медициналық қызмет көрсетілген. 2,5 млн операция жасалыпты.

Сауалнама:

- 2021-де, 2022-де, 2023-те үш жыл қатарынан операцияда болдым. Пайдаланам. Тиімді деп те айта алмаймын. Жылына бір екі рет қана ғой біз пайдаланатынымыз. Мүлдем бармайтындар да бар.

- Екі үш операция жасатқанбыз осы кезге дейін. Ақша төлегеннен кейін ол бекерге кетпеуі керек қой. Пайдалы болуы керек қой адамға.

- Тегін болуы керек деп ойлаймын. Басқа мемлекеттерде, мысалы, Түркияда, Израильде тегін емдейді халықты. Бізде барлығы ақылы түрде емделеді.

 

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек түрлері қандай?

Иә, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен кепілді көлемдегі тегін медициналық көмекті шатыстыратындар аз емес. Кепілді тегін медициналық көмекке мыналар жатады:

- Туберкулез;

- Жедел жәрдем қызметі;

- Сот медицина сараптамасы;

- Стационарлық медициналық көмек;

 - Төтенше жағдай нәтижесінде пайда болған аурулар;

- Әлеуметтік маңызы бар аурулар, инфекциялық аурулар, созылмалы аурулар кезіндегі жоспарлы көмек.

Қызметтің мұндай түрін еліміздің әр азаматы, соның ішінде қандастар тегін ала алады.

 

Онкологиялық скринингтен өту тегін болады

Келер жылдан бастап 13 әлеуметтік маңызы бар ауруға күдік туындаған жағдайда ақысыз көмек көрсетіледі. Былтыр 3 миллион 400 мың азамат шұғыл жағдайда дәрігерге қаралып, стационарлық ем алған. Оның ішінде 1 миллион адам кепілдендірілген көлем шеңберінде қаралған. Шұғыл көмек көрсетілген жағдайда диагноз қою, емдеу және дәрі-дәрмекпен қамту тегін жүзеге асырылады. Созылмалы аурудың асқынуы, жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері байқалғанда немесе жарақаттар болған жағдайда сырқат шұғыл тегін көмек алу үшін жақын маңдағы емханаға, ауруханаға немесе жедел жәрдем қызметіне жүгіне алады.

Әсел Қыдырәлиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы:

- Өздеріңіз білетіндей, онкологиялық скринингтер бізде МӘМС пакетінде. Ал онкология әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына жатады. Сондықтан да біз министрлікпен биылдан бастап онкоскринингтер тегін пакетке ауыстырылады. Яғни сақтандырылмаған азаматтар үшін де бұл қолжетімді болады. Екіншіден, скринингтің екі түрі қосылады осы тегін пакетке. Бұл жүктілік алды даярлық және ерлер арасында қан айналым аурулары жиі кездеседі, оның скринингі тегін пакетке кіргізіледі.