Отандық дәрігерлер күйік шалған 30-ға жуық науқасты аман алып қалды

Отандық дәрігерлер күйік шалған 30-ға жуық науқасты аман алып қалды.

Бұл тек Ұлттық травматология және ортопедия орталығының мамандары араша түскен жайттар. Жылдан жылға оқыстан отқа күйіп, денсаулыққа зақым келу деректері азаймай тұр, дейді ақ халаттылар.

Бұл елордадағы нөмірі бірінші қалалық аурухана. Мұнда денесін күйік шалған азаматтар жеткізіледі. Бүгінде 12 төсек-орынның 11-інде науқас жатыр. Дәрігерлер көбінің жағдайы ауыр екенін айтады. Сондықтан ерекше күтім пен күрделі емді талап етеді.

Павел Кутняков, №1 Көп бейінді қалалық ауруханасы политравма, эндопротездеу және комбустиология бөлімінің меңгерушісі:

- Кереует адамның салмағын дененің әр шаршы сантиметріне теңдей таратады, бұл науқастың жағдайын айтарлықтай жеңілдетеді. Сонымен қатар белгілі бір температурада ауа беріліп ылғалдылық деңгейі қалыптасады. Кереуетке жатқызылған науқастар ашық әдістермен емделеді.

Көп жағдайда науқас алғашқы ем-домнан соң үйіне қайтарылады. Бірақ кейде күйік жарақаттары асқынуы мүмкін. Салдарынан тері мен буын қызметі бұзылады. Мұндай жағдайда шұғыл түрде реконструктивті қалпына келтіру операциясы жасалады. Бұл тек кәсіби мамандардың қолынан келетін іс. Ал оны жүзеге асыруға травмотология және ортопедия Ұлттық ғылыми орталығында толық мүмкіндік бар.

Әлия Атепилева, комбустиолог дәрігер:

- Операция бірнеше сатыдан тұрады. Соның бірі ­аутодермопластика. Яғни біз терінің жұқа қабаттын алып, зақымдалған аймаққа орналастырамыз. Сонымен қатар теріні толықтай ауыстыру әдісі қолданылады. Мұның барлығы дененің эстетикалық қалпынан бөлек, ең бастысы, дененің қозғалыс қызметін қалпына келтіру үшін маңызды. 

Елордалық дәрігерлер қолданатын тағы бір тың әдіс – фибробласттарды пайдалану. Бұл донордың қанынан алынатын жасушалар. Ол теріні трансплантациялаудан бұрын жаралардың тезірек жазылуы үшін қажет. Бұдан бөлек дәрігерлер биотехнологтармен бірлесіп күміс иондары мен антибиотиктер негізінде жасалған тері жабындыларын әзірледі. Бірінші клиникалық зерттеу желтоқсан айында жүргізіліп, сәтті аяқталған. Енді оның тиімділігін сынау ғана қалды, - дейді дәрігерлер. 

Назерке Тоқжан, Бағлан Тұрғанбек, Галымжан Абдылахат