Марқакөлде су құзғыны қаптап кетті

Былтыр 800 бас жыртқыш құс байқалса, биыл олардың саны төрт есе артқан.

Бұл көлдегі тіршілік көзіне үлкен қауіп, дейді мамандар. Жыртқыш құс әсіресе Марқакөлдегі майқан балығын жойып жіберуі мүмкін. Сондықтан қорықшылар қанаттылар санын реттеуге заңды тұрғыда рұқсат берілу керек дейді. 

Марқакөлде балықтың жеті түрі кездеседі. Соның ішінде тек осында мекендейтін майқан балығы бар. Бірақ  флора мен фаунасы таңғалдыратын бұл аймақта биыл су құзғыны қаптаған. Жыртқыш құс көлдегі тіршілік көзінен түк қояр емес. Қорықшылар жағалауды бойлап, оларды үркітумен ғана шектелуге мәжбүр. Себебі қорық аумағында атуға тыйым салынған. 

- Участок Черепан, Жуков аумақтарын бақылап жүрміз, бакландар көп мөлшерде мыңдай штук санадық. санақ бойынша енді ары қарай кетіп барамыз участоктерге бақылап қарап жағдайдың бәрін қарап. 

Құстар да қуланып алған. Үркіткенді елемейді. Ұясын бұрынғыдай жеке ағашқа емес, қалың орман ішіне биікке салатын болған. Ал балық уылдырық шашқанда кезеңде тіпті өзен басынан шықпайды.

Балуанбек Болысов, қорықтағы күзет бөлімінің бастығы:

- Мына балық өзенге уылдырық шашуға шыққан кезде балыққа өте кедергі жасайды, өзенге шығармай бойына отырып алады да уылдырық шашқанда кедергі жасап тұрады бұл құс табиғатқа зияны көп, құстың ешқандай пайдасы жоқ, қызыл кітапқа енбеген, зияны өте көп. 

Бұл құстың зияны тек балыққа тиіп жатса қайсы, айналадағы жасыл желекті де құртып барады. 

Эльмира Ахметова тілші:

- Су құзғындары ақылды әрі айлакер тіршілік иесі дейді мамандар. Олар тіпті өздері мекендейтін өзен көлдегі балық қорын алдын ала зерттеп алады екен. Балықтарға кедергі келтіріп қана қоймай, тіпті көл маңайындағы орман тоғайға да кесірін тигізеді. Ол құс ұя салған ағаш шіріп кетеді екен. 

Су құзғындарының тәбеті мықты, дейді ихтиологтар. Мысалы, жергілікті балықшыларға 22 мың тонна балық аулауға рұсқат берілгенімен, соның  5 тоннасы ғана игеріледі. Ал жыртқыш қанаттылардың қомағайлығы сондай, күніне 5 келіге дейін балық жейді.

Диана Қәбдірахманова, ихтиолог:

- Балықтың қызығын сол су құзғындары көріп жатыр сол себепті бөлек шаралар қолдану қажет тіпті бұл үркітіп шошытудың өзі  оларға қатты әсерін тигізбейді. олар біздің үркітіп шошытумызға үйреніп те алдық десе де болады. 

Табиғат жанашырлары болса су құзғындарының санын реттеудің бір ғана жолы бар дейді. 

Тимур Айкенов, Марқакөл табиғи мемлекеттік қорығының директоры:

- Бір ғана жолы бар бұны мемлекет тарапынан көтеріп, атуға рұқсат беру. Арнайы охотообщесволар бар ғой соларға тапсырма берсе, осындай жұмыс жүргізсе ғана азаяды. 

Дегенмен, ату шарасы үшін алдымен арнайы зерттеу жүргізіліп, биологиялық негіздеме жасалуы тиіс. Ал қорықта бұл жұмысқа жауапты орнитолог жоқ. Мәселені өз күшімен шешуге қауқарсыз қорықшылар енді мемлекеттен қолдау күтеді. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов