Астанада тораңғы талы егілді
Бас қаладағы ботаникалық саябаққа Тораңғы талы егілді. Бұл - қызыл кітапқа енген қасиетті өсімдік.
Олар төзімдігімен ерекшеленеді. Тіпті төмен температураларда да тіршілік ете береді. Сондай-ақ топырақты құнарландырып, эрозияның алдын алатын қасиетке ие. Тарихы да тым әріден басталады. Ғалымдар бұл тал мұз дәуірінен бері бар дейді. Әзірше 50 түп көшет отырғызылды. Алда олардың санын көбейту жоспары бар.
Мирас Әбдірахманов, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:
- Тораңғы ағашы ыстық пен суыққа қарамай өсе береді. Негізінен шөлді жерлерде өседі. Ағаштың ерекшелігі, тамыры суды 10-15 метр тереңдіктен алады. Бұл ағаш көп жерде өсе бермейді, маған айтқаны бойынша Ресейде және Балқашта өседі. Әлемде басқа жерде өспейді.
Бұдан бөлек бүгін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Астанада 11 мыңнан астам ағаш егілді. Науқанға 150 мыңға жуық тұрғын атсалысты. Олар қаладағы гүлзарларды абаттандырып, қоршаған ортаны қоқыстан тазалады.