Қызылорда облысының диқандары су үнемдеу әдістерін қолданады
Биыл Қызылорда облысы Сырдария өзенінен былтырғыдан 700 млн текше метрге кем су алады.
Осыған байланысты диқандар тіршілік нәрін барынша үнемдеуге мәжбүр.
Бір тәуірі, мемлекет тарапынан жаңа технологияларды енгізген шаруалардың шығыны субсидияланады. Сыр өңірінің диқандары аз сумен мол өнім алуы үшін тағы қандай амал бар?
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Биыл Қызылорда облысына егін суару үшін Сырдариядан 3,2 миллиард текше метр су лимиті бөлінді. Бұл былтырмен салыстырғанда 700 миллион текше метрге аз. Сондықтан диқандарға тіршілік нәрін тиімді пайдалану міндеті қойылып отыр.
Өңірде биыл алқаптарды жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісі кеңінен қолданылмақ. Бұл арықпен суарудан әлдеқайда тиімді, дейді мамандар.
Серікбай Өмірзақов, Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас ғылыми қызметкері:
- Жаңбырлатып суару да, тамшылатып суару да, суды үнемдеуге үлкен септігін тигізеді. Себебі суды тасымалдау бойындағы жаңағы фильтрация, булану, тағы да басқа жоғалтуларға ол жол бермейді, тікелей өсімдіктің тамырына беріледі, топыраққа сіңеді. Сондықтан бұл жалпы 20-25 пайыз суды үнемдеуге тікелей қол жеткізуге болады.
Былтыр облыста су үнемдеу технологиялары 8 мың гектардан астам жерге енгізілген. Биыл бұл көрсеткішті 20 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Мұндай құрылғыларды сатып алған шаруалардың шығыны 80 пайызға дейін субсидияланады.
Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу бағытында мемлекеттік қолдау шараларының шеңберінде облысқа алдағы үш жылға 34 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл бұрын-соңды мұндай қаржы бөлінбеген, оның ішінде айта кету керек, осы жылдың өзінде жаңағы су үнемдеу технологияларын енгізген шаруаларды субсидиялауға 10 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Жыл сайын біз көп болса бұрынғы жылдары 500 миллион теңгеден аспайтын бұл қаржы.
Сонымен қатар өңірде күріш алқаптарын лазерлік тегістеу жұмыстары жалғасады. Биыл оның көлемі 65 мың гектарға жеткізіледі. Мамандардың айтуынша, жерді тегістеу су шығынын кемінде 20 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин