ШҚО тауларында мұздық ери бастады
Шығыста таудағы мұздықтар ери бастады.
Өзендерге су келіп жатқанмен деңгейі қауіпті межеге жете қойған жоқ дейді «Қазгидромет». Төтенше жағдайлар қызметі мен өзге де құзырлы органдар бақылауды күшейтті. Тасқын қаупі бар аймақтар әуеден де бақыланады. Қазір өңірде ұзындығы 10 шақырымнан асатын 885 өзен бар. Олардағы су деңгейі орта есеппен 2-ден 48 сантиметрге дейін көтерілген. "Өңірде су тасқынына қарсы барлық қажетті шара қабылданған", дейді жауаптылар. Жылғалар мен арықтар қоқыстан тазартылып, елді мекендер аумағынан шамамен 400 мың текше метрдей қар шығарылған.
Іңкәр Асқарова, "Қазгидромет" ШҚО және Абай облысы бойынша филиалы гидрология бөлімінің басшысы:
- Облыстың төрт ауданы – Үлкен Нарын, Марқакөл, Зайсан бағытында әуеден барлау жұмыстары жүргізілуде. Қазір гидрологиялық жағдай тұрақты. Гидробекеттердегі су деңгейі қауіпті деңгейден төмен. «Теректі» метеостанциясының мәліметінше, қар қоры былтырғы көрсеткіштен аспайды.