Алматының тауларында қар көшкіні қаупі сақталады

Көктем келіп күн жылығанда Алатаудың бөктерінде қар көшкіні қаупі артады.

Қазір қыстың көбесі сөгіліп, таудағы қар жұмсара түсетін кез. Осыған орай қалалық төтенше жағдайлар департаменті, құтқару қызметі мен дәрігерлер бірлесіп тактикалық оқу-жаттығу өткізді. Бұл жолы тікұшақ та жұмылдырылды.

Тактикалық оқу-жаттығудың тау-шаңғы курортында өтуі бекер емес. Мұнда қысы-жазы туристер үзілмейді. Сценарий бойынша бір топ саяхаттаушы қар астында қалады. Оларды іздеуге 68 маман мен 15 техника жұмылдырылды. Әсіресе кинологтардың көмегі ауадай қажет. Шартты түрде зардап шеккендер қар құрсауынан шығарылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Айдос Сапарғали, қалалық құтқару қызметінің құтқарушысы:

- Тауда ауа райы жарты сағат, бір сағаттың ішінде адам танымастай өзгереді ауа райы. Оған біз қарсы шыға алмаймыз. Ауа райына байланысты құтқарушылардың жұмысы қиындайтын болады және күндізгі уақытта басқаша болады қиындығы, түнгі уақытта басқаша болып келеді.  

Бүгінгі оқу-жаттығуға тікұшақ та жұмылдырылды. Құтқарушылардың айтуынша, қар көшкініне тап болатын туристердің көбі 112 номерінен келетін ескертуге назар аудармайды. Сондай-ақ қауіпсіздік шараларын ескермейді. Тауда жеңіл жарақаттанғандар етекке көбіне шанамен түсіріледі. Ал жарақаты тым ауыр болса тіұшақтың көмегіне жүгінуге туралы келеді.   

№4 клиникалық аурухананың тікұшақ алаңына қонған экипажды дәрігерлер күтіп алып, науқасты дереу операция залына жеткізді. Пациентке шұғыл операция жасалды. Айта кетейік, күрделі жөндеуден өткен ауруханада қазір бір уақытта 20 пациентке операция жасай алады. 

Жорабек Сұлтанов, қалалық №4 клиникалық ауруханасының травматологы:

- Бір тәулігіне 250-300-ге дейін барады. Соның ішінде стационарлық емге жатқызылуы шамамен 55-60 адам жатқызамыз. Аралас жарақат, политравма, шұғыл көмек, анестезиолог, реанимациялар 24 сағат бізде көмек көрсетіледі.

Айта кетейік, осы қыста Алатау бөктерінде 70-ке жуық қар көшкіні болған. Соның ішінде қар астында қалған тоғыз адамның бесеуі қаза тапты. Көшкін қаупі әлі де бар. Сондықтан табиғат аясында қауіпсіздікті ескеру қажет, дейді мамандар.

Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев