Өскеменде әр ағаштың паспорты болады
Өскеменде ауласында бірнеше түп қайыңды отап тастаған амбулаториялық орталықтың басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Санитарлық тазалау жүргіземіз деген олар, талдың басын түгел қырқып, діңін ғана қалдырған. Экологтардың айтуынша, енді мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін қаланың «дендрологиялық жоспары» болуы қажет. Себебі бұл құжатта әрбір ағаш есепке алынып, өсіп өнуі бақыланады. Талай жыл айтылып келген өзекті мәселе биыл шешіле ме?
Ресми дерек бойынша соңғы 5 жылда Өскеменде 18 миллион түп ағаш егілген. Бірақ өсіп-өнгені аз. Осы жайды зерттеп, талдайтын дендрологиялық жоспардың жоқтығынан желекті қырқып тастау деректері азаяр емес. Биолог Құралай Әліпина ағаштарды зерттеумен айналысады. Діңдегі сақинаға қарап, талдың жасын есептеп шығарады.
Зерттеулер нәтижесінде ағаш бойындағы әр жылғы өзгерістің себебі, оның өнімділігі анықталады. Демек, болашақта көшет түрлерін іріктеп егуге мүмкіндік бар.
Құралай Әліпина, ЖОО биология кафедрасының сеньор-лекторы:
- Біз өндірісті қалада тұрамыз. Демек, әуелі қандай ағаштардың техногендік әсерге шыдамды екенін анықтап алу керек. Содан кейін тиісті ағаш түрлерін еккен дұрыс. Бұл жақсы нәтиже береді деп ойлаймын.
Бұрын өнеркәсіп орындарының маңайын көгалдандыру сол жердегі кәсіпорындардың тікелей міндеті болған. Былтыр бұл талап жойылды. Эколог Дәулет Асановтың айтуынша, дендрологиялық жоспар болса, осының бәрі өзімен-өзі реттелетін еді.
Дәулет Асанов, эколог:
- Әкімшілік мысалы үшін осы жылы мынанада аймақты қайтадан көгалдандыру керек, жөндеуі керек, оған мынанша ақша керек, мына жерге мынанша ақша керек деп оның бәрін жұмыс жасауға болады. Ал қазір ешкім ештеңе білмейді, учаскені алады да керек жерін, кесіп тастайды. Оның орнынан салам дейді бірақ ештеме салынбайды, жүйелі жұмыс жоқ.
Салалық басқарма өкілдері «жұмыс енді жүйеленді» деп сендірді. Жыл соңына дейін қаланың дендрожоспары бекітіледі.
Рауан Тұрысбек, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Биыл бұл іс-шара үшін қалалық бюджеттен 150 миллион теңге бөлінді. Арнайы конкурс та өтті. Енді алдағы уақытта қаладағы жасыл желек толық цифрландырлады.
Яғни шаһардағы әр ағаштың паспорты болады. Дендрологиялық жоспар Өскеменді көгалдандыру бағытында мамандар сүйенетін ең маңызды құжатқа айналады деген сөз.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин