Суармалы алқап көлемі ұлғайып келеді

Қазір әр жұтым суды үнемдеу маңызды.

Қазақстан кейінгі жылдары түрлі тың технологиялардың игілігін көруде. Бүгінде елдегі суармалы алқаптың 500 мың гектардан аса аумағында үнемдеу технологиясы қолданылады. Бұл қолдағы бар ресурсты тиімді жаратуға ықпал етіп отыр дейді салаға жауапты мамандар. Және жыл санап мұндай алқаптар көлемі ұлғая беруге тиіс. Сондай-ақ су шығынын азайту мақсатында каналдарды жаңарту қолға алынды.

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Биыл елдегі суармалы алқап көлемі 1 млн 200 мың гектарға жетті. Бұл алқаптарға суару маусымының соңына дейін 11 млрд текше метр су беру жоспарланған. Тіршілік нәрінің негізгі бөлігі трансшекаралық өзендерге тиесілі. Қазір қажетті судың 6 млрд текше метрі егінге жіберілді. Егіс науқаны басталмай тұрып Үкімет диқандардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ылғал сүйгіш дақылдар лимитін белгілеген еді. Соның арқасында қазір өңірлерде тапшылық жоқ дейді Су министрлігінің өкілі.  

СУАРУ МАУСЫМЫ

Суармалы алқап – 1,2 млн га

Су көлемі – 11 млрд м³

6 айда – 6 млрд м³ 

Абылайхан Мыңжасар, ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті басқармасының басшысы:

- Оңтүстік бес өңірге 90 пайызға жуығы тиесілі. Оның ішінде, яғни нақты айтып кететін болсақ, Қызылорда облысында күріш дақылын 70 мың гектардан асырмауға, Түркістан облысында күріш дақылын 3,5 мың гектардан асырмауға шешім қабылданды. Қазіргі таңда министрлік тарапынан арнайы топтар құрылып, осы лимиттердің сақталуын күнделікті бақылауда. 

Қазір оңтүстіктегі су қоймаларында 26 млрд текше метр су бар. Министрлік маманының айтуынша, бұл қор маусым аяғына дейін молынан жетеді. Сондай-ақ қолда бар суды кәдеге жаратуға үнемдеу технологиясы ықпал етіп отыр. Салаға бөлінетін қаржы жыл санап өсіп келеді. Мәселен, биыл субсидия сомасы былтырғымен салыстырғанда 4 есе артты. Бүгінде елде 500 мың гектардан аса алқапта аталған технология қолданылады. Және Президент тапсырмасына сай жыл сайын 150 мың гектарға ұлғайту көзделген.   

Абылайхан Мыңжасар, ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда 500 мың гектардан астам егіс алқабында су үнемдеу технологиялары енгізілуде, енгізілген. Және алдағы уақытқа да жоспарға сәйкес жұмыс жалғастыру жоспарланған. Одан бөлек министрлік тарапынан бірқатар суару арналарын жөндеу, бетондай бойынша жобалар, ауқымды жобалар іске асырылуда.

Иә, су шығынын азайтуда каналдардың бүтіндігі маңызды. Қазір елде 9 мыңға жуық су арнасы бар. Бұлардың дені 60-70 жыл бұрын салынған. Басым бөлігі осы уақытқа дейін жөндеу көрген жоқ. Үкімет бекіткен кешенді жоспардың шеңберінде 14 мың шақырымнан аса су арнасы жаңартылуы тиіс. 

Нұрқанат Қанапия, Ақылбек Есімсейтіов және Жанұзақ Оралбай