Үлкен Алматы каналы ауқымды жөндеуден өтеді
Алматы облысындағы Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын ауқымды реконструкциялау жоспарланып отыр. Жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды «24KZ».
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта ұзындығы 15,6 шақырым болатын канал учаскесін реконструкциялау жобасы әзірленді. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 110 шақырым болатын учаскелерді жаңғыртуға қажетті құжаттар дайындалып жатыр.
Жоспарланған жұмыстар нәтижесінде каналдың негізгі бөлігін бетонмен қаптап, оның техникалық жағдайын жақсарту көзделген. Реконструкцияның үшінші кезеңінде нысанның бас су торабын жаңғырту жоспарланған.
Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының жалпы ұзындығы – 168 шақырым. Нысан секундына 87 текше метрге дейін су өткізуге қауқарлы. Мамандардың айтуынша, реконструкция каналдың су өткізу мүмкіндігін жобалық көрсеткіштерге жеткізіп, Алматы облысындағы суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.
Биыл жыл басында Үлкен Алматы каналының жалпы ұзындығы 1,53 шақырым болатын учаскелерін реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Нысанды монолитті темірбетонмен қаптау жұмыстары жүргізілді. Бұл каналдың техникалық жағдайын жақсартуға, су ысырабының көлемін азайтуға және облыстағы 33,3 мың гектар суармалы жерді сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді,- деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз