Ақмола облысы Дүниежүзілік тазалық күніне атсалысты
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Ақмола облысында биыл 2 мың 800 гектар жерге 16 млн-ға жуық ағаш егілді.
Облыста кейінгі 5 жылда жасыл желектің аумағы 11 мың гектарға ұлғайған. Дүниежүзілік тазалық күніне орай аудандар мен Көкшетау қаласы аумағында абаттандыру, ағаш-бұта көшеттерін отырғызу шаралары ұйымдастырылды. Экологиялық науқанның бірі Ақкөл ауданында өтті.
Бұл – Ақмола облысындағы Ақкөл ауданы. Тұрғындар Сағадат Нұрмағамбетов атындағы саябақты абаттандыруға жиналды. Таңнан бері аумақты күл-қоқыстан тазартып, қарағай мен шырша көшеттерін екті.
Жолбарыс Қыпшақбай, волонтер:
- Барлығымызды бүгін «Таза Қазақстан» акциясы біріктіріп отыр. Бұл тек қана біздің міндетіміз ғана емес, барлығымыздың әдетімізге айналуы керек деп ойлаймын. Өйткені бұл – біздің міндетіміз бен жауапкершілігіміздің көзі.
Күш-жігер біріксе, аймақ көркейеді. «Таза Қазақстан» – экологиялық мәдениет қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау идеясын бекіте түсті. Тұрғындар абаттандырылған аумақтарды одан әрі күтіп ұстауға да ерекше назар аударады.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Бұл жай ғана акция емес. «Таза Қазақстан» – көшемізді, ауылымызды, қаламызды таза ұстау. Ең бастысы, ол – бойымызда бір керемет қасиетті қалыптастыру. Барлық жер таза болу керек, ойың, сөзің, ісің. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бастамасы бойынша халықтың сана-сезімін өзгерту, болашаққа дұрыс бағдармен қарау, сеніммен қарау. Міне, үш-төрт жылдың ішінде үлкен өзгерістерді көріп отырсыздар. Идеология саласында үлкен өзгерістерге себепкер болып жатқан осы акция деп ойлаймын.
Дүниежүзілік тазалық күніне Көкшетау қаласы мен облыстың барлық аудандарынан 40 мыңға жуық адам атсалысып, аймақты көркейтуге үлес қосты. Қарағай, шырша, терек, қайың, басқа да ағаш бұталарын қоса алғанда 5 мыңға жуық көшет отырғызылды.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Санжар Біргебаев