Түркістан облысында су тапшылығын азайту үшін каналдарды бетондау қажет
Түркістан облысында су тапшылығын азайту, каналдарды бетондау, шаруаларды ағын сумен уақытылы қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.
Себебі жүздеген каналдың ішін қамыс пен қоға басып кеткен. Соның кесірінен ағын судың 30 пайызы егіс алқабына жетпей жерге сіңіп кетеді, дейді шаруалар.
Биыл Отырар ауданында екі канал бетонмен қапталып, үшіншісінің құрылысы аяқталуға жақындады. Одан бөлек «Қызыл Ту» сорғы станциясының тозығы жеткен жабдықтары ауыстырылды.
«Қызыл Ту» сорғы станциясы өткен ғасырдың 80-жылдары Арыс өзенінен қосымша су алу мақсатында салынды. Ол кезде су сору насостары жаз айларында 5 мың гектар егістікке су жеткізіп тұрды. 90-жылдардағы тоқырауда көпшілігі істен шықты. Қоғам ауылының тұрғыны Жұмабай Жылқыбайұлы былтырға дейін тозығы жеткен екі сорғыдан 700 гектар алқапқа су әзер жеткізілгенін айтады. Биыл облыс әкімдігі мен аудандық "Қазсушар" мекемесі тарапынан 16 жаңа сорғы алынып, мұнда соның үшеуі қойылды.
Жұмабай Жылқыбайұлы, Қоғам ауылының тұрғыны:
- Біз суаратын кезде орнатып бітіп, дер кезінде іске қосып берді. Жазғы маусымда осыдан су алып, 3,5 мың гектарға егілді. Енді тағы 2 насос болса, бұрынғы 5 мың гектарды толық игеруге мүмкіндік болады. Мынау "Қызыл ту" насос станциясы бұнда да су шығыны көп. Осыны да бетондап берсе, 2027 жылға дейін. Көп көмек әрі суға үнем болар еді.
Су шығыны демекші, қазір Қарғалы мен Отырар ауылдарын ағынсумен қамтамасыз ететін "Алтынбеков" каналын бетондау жұмыстары жүріп жатыр. Жоба құны - 2,7 млрд теңге.
Нұрсұлтан Есіркепов, учаске бастығы:
- Қазір бетон жұмыстары 5,5 шақарымда жүріп жатса, жер жұмыстары 8 шақырымда істеліп жатыр. Бұл каналымыз 4 мың гектар жерді суаруға негізделіп отыр. Биыл жылдың соңына дейін жұмысты толық аяқтауда жоспарлап отырмыз.
Отырар ауылының тұрғыны Темірхан Қасиетовтың айтуынша, "Алтынбеков" каналының бойында 2100 гектар суармалы жер бар. "Бірақ каналдың ішін қамыс пен қоға басып кеткендіктен ауылға мардымды су келмейді. Тең жартысы жерге сіңіп кетеді, дейді диқан. Соның салдарынан соңғы 7-8 жылдан бері көпшілік егін салуды қойған.
Темірхан Қасиетов, Отырар ауылының тұрғыны:
- Біздің егетін дақылымыз негізінен жоңышқа, жүгері, мал азығы. Осы судың тапшылығына байланысты 200 гектарға жететін су келеді. Оны да өз екпінімен емес, мотормен тартып суғарады. Ал енді мынау бетондалса, 2 мың гектарды толық суарып алуға мүмкіндігіміз болады деп отырмыз.
Жалпы Отырар ауданында 112 канал бар. Мамандардың айтуынша, соның 12-сі ғана бетондалған. Биыл тағы үшеу күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Әлі 90-нан аса су арнасы жаңғыртуды қажет етеді.
Бекзат Жанатаев, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы «Отырар» өндірістік бөлімшесінің басшысы:
- "Қазводхоз" тарпынан Отырар ауданында 54 каналға жоба жасалуда қазір. Сарапатманың оң қорытындысын алғананн кейін құрылыс жұмыстарына қаржы қааруға ұсынылатын болады. Нәтижесінде 30 мың гектар жерді сумен қамту жақсарып, су шығыны 40 пайызға дейін төмендейтін болады.
Түркістан облысында диқандарды ағын сумен тұрақты қамтамасыз етуге және су шығынын азайтуға баса мән берілген. Қазір өңірде ұзындығы 300 шақырымнан асатын 100-ге жуық канал және 1400-ден астам гидротехникалық нысан қайта жаңғыртылып жатыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш