Аралдың тартылған табанында экожүйе қалыптасты
Арал теңізінің құрғаған табанында табиғи экожүйе қалыптаса бастады. «Жабайы аң жорытып, құс көбейді», - дейді мамандар. Көбі – Қызыл кітапқа енген жан-жануарлар.
Тақыр жерге жан бітіру үшін жылдар бойы ағаш егіліп, орман қоры молайды. Президент тапсырмасымен соңғы бес жылда 1 млн гектар жерге сексеуіл егілді. Оған дейін де 190 мың гектар алқапқа сексеуіл, сарсазан мен қарабарақ көшеттері егілген болатын. Жасыл желекті суару үшін 500 метр тереңдіктен екі ұңғыма қазылды. Ұңғымадан тұщы су шықты. Ылғал мол болып, қолайлы жағдай жасалғаннан кейін өсімдік түрі көбейіп, аң-құс келе бастаған. Енді сол ұңғымаға жақын жерден тұқымбақ құрылады.
Айбек Жолақанов, облыстық Орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы
- Жобалау жұмыстары аяқталды, енді әрі қарай сол тұқымбақты орналастыру жұмыстары жүргізілетін болады. Сол тұқымбақтан Арал ұлтанына бейімделген сапалы көшеттерді алу мақсатында жұмыстар жүргізіледі. Ормандандыру жұмыстарының жүргізілуінің арқасында қазір сол жерде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген түркімен құланы, қарақұйрық және басқа да қоян сияқты жабайы жануарлардың бәрі қазір сол жерде жайылым ареалын жасап, табиғи ортаға бейімделіп жатыр.