Солтүстік Арал қалпына келтіріледі
Солтүстік Аралдың аумағы 3,9 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайтылмақ. Ал теңіздегі су көлемі 34 текше шақырымға дейін жеткізіледі.
Бұл үшін Қызылорда және Түркістан облыстарында ирригациялық желілер жаңғыртылып, каналдар реконструкцияланады. Бұл мәселе Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында талқыланды. Жұмысты 2030 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Жоба Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Бірінші кезең аясында «Қазсушар» және «Тұран-Су» ұйымдары 133 жобаны ұсынған. Оның ішінде 1,4 мың шақырымнан астам ирригациялық желіні жаңарту, су қоймаларын күрделі жөндеу және суару жүйелеріндегі су ресурстарын есепке алу мен бақылауды автоматтандыру қарастырылған. Мамандардың айтуынша, жоба өңірдегі су қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамытуға, суару инфрақұрылымын жаңғыртуға және Солтүстік Аралдың эко жүйесін қалпына келтіруге бағытталған. Жиында су шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар жобаның барысы қаралды. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп 56 канал мен гидротехникалық нысанды жаңғырту жоспарланған.