Баянауылда сирек кездесетін құну фототұзаққа түсті

фото: depositphotos.com

Баянауыл ұлттық табиғи паркінде фототұзаққа алғаш рет құну түсті. Бұл — Павлодар облысында аталған жыртқыштың алғаш рет тіркелуі, деп хабарлайды 24KZ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.

Ғылыми деректерге сәйкес, Қазақстанда құнудың негізгі таралу аймағы — Оңтүстік Алтайдың таулы-тайгалы өңірлері. Бұған дейін бұл жануар 1932 жылы Бурабай ормандарында, ал 1948–1949 жылдары қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Шағалалы көлі маңында кездескен.

Бұл — Павлодар облысында құнудың алғаш рет тіркелуі. Сирек жыртқыштың негізгі таралу аймағынан едәуір қашықта анықталуы оның қозғалысы мен таралу ерекшеліктерін зерттеу үшін маңызды ғылыми дерек болып отыр., — делінген хабарламада.

Комитет өкілдерінің айтуынша, құнудың анықталуы ұзақ мерзімді фотомониторингтің маңызын да көрсетеді. Оның көмегімен сирек кездесетін жануарларды тіркеп, белгілі бір аумақтың биоалуантүрлілігі туралы жаңа мәліметтер жинауға болады.

Сондай-ақ оқыңыз: