БҚО-да белгісіз індеттен мал қырылды
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында ірі қара белгісіз індеттен баудай түсіп жатыр.
Шаруалардың сөзінше күні бүгін ауданда 100-ге жуық сиыр өлген. Әуелі ауру мал ақсаңдап, келесі күні үстінде ісік пайда болып, құлайтын көрінеді. Мал иелері соның алдында малдың қарасанға қарсы егілгенін айтады, ауру сол вакцинациядан пайда болды ма деген күдіктерін жасырмайды.
Бақыт Далабаев, Бөрлі аудандық фермерлер одағының төрағасы:
- Бөрлі ауданы бойынша қарасанға ұқсас симпттомдармен ірі қара малы өліп жатыр. Олардың бірден-бір белгілері аяғында, төсінде, мойнында ісіктер пайда болады, губка секіліді су жинала ма. Соның салдарынан жеке қосалқы шаруашылықтарда, шаруа қожалықтарында ірі қара мал құлап жатыр. Неден екенін білмей отырмыз. Бәрі қарасанға қарсы вакцина жасалған.
Облыстық ветеринарлық басқарма мамандарының мәлімдеуінше Бөрлі ауданында өлген малдың саны 10. Әуелі 7 бас өліп, соның үшеуінен сынама алынған. Қарасан да, сібір жарасы да дәлелденбеген. 30-ы күні өлген 3 бас ірі қараның талдама қорытындысы әлі шықпаған.
Кенжебек Аймашев, БҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Ол 8-10 күн ішінде шығады. Тап сол қарасан сол аурудан болып тұр деп зертхана қорытындысынсыз айта алмаймыз. Мал ауырып өлді деген күдік болған кезде дәл қай ауру деп мал дәрігері вердикт ана жерде шығарады, соған тексереді де, сосын сібір жарасы секілді ұқсас ауруларды да қарайды. Ол тек бір ауруға тексермейді.