«Бірінші рет». Заңсыз балық аулайтындар көп
Атырауда балықты заңсыз аулау азаймай тұр. Ерекше қорғалатын аймаққа арнайы барып, қармақ салатындар көп.
Тіпті ескертуді елемей, заңды бірнеше қайта бұзғандар да бар. Жыл басынан бері 300-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылған.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Біз қазір Дамбы ауылдық округіндеміз. Дәл осы жерден теңізге дейінгі аралық ерекше қорғауға алынған. Бұл маңда балық аулауға қатаң тыйым салынады. Соған қарамастан тұрғындар осы жерде заңды жиі бұзады. Дамбы балық инспекциясы мамандарының айтуынша, ескертуді елемейтіндер көп.
Мемлекеттік инспекторлардың сөзінше, демалыс күндері Жайық өзенінің теңізге құяр тұсында балықты заңсыз аулайды. Әуесқой балықшылар айтылған ескерту мен салынған айыппұлды елемейді. Рейд кезінде ұсталғандардың көбі ерекше қорғалатын аймаққа алғаш рет келіп тұрмын деп ақталды.
- Алдияр қазір сізге әкімшілік хаттама толтырылады. Балық аулау қағидасының 383-бабының 1-тармағы бойынша хаттама жасақталады. Сіз балық аулау қағидасын бұзғаныңызды білесіз бе? Қашан келдіңіз мына жерге?
- Қазір келіп жатырмын.
-Қазір келіп тұрсыз ба? Жалпы білесіз бе тыйым салынған жер екенін?
- Білмей қалдық.
- Бірінші рет кеп тұрсаңыз, хаттама толтырылатын болады.
Алғаш рет келдім деп алдайды. Алайда, мемлекеттік инспектор базадан әуесқой балықшылардың бұған дейін де заң бұзғанын анықтады.
- Алдияр Берікұлы, иә?
- Иә, иә.
- Осыған дейін сізге әкімшілік хаттама толтырылыпты ғой?
- Иә, бір рет болды ондай.
- Сізге бірінші рет емес, екінші рет толтырылайын деп тұр ғой, міне. 4-і күні толтырған сізге.
Балық инспекциясының мамандары күн сайын өзен жағалауға мәжбүр. Жыл басынан бері заңсыз балық аулайтындарға қатысты 300-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылған.
Еламан Хабибуллин, Дамбы балық инспекциясының басшысы:
- Бүгін біз балық аулауға тыйым салынған аймақтан заңсыз қармақ құрып, балық аулап жүрген азаматтарға 7 әкімшілік-құқықбұзу туралы хаттама толтырдық. Осы шараларды сенбі-жексенбі күндері өткізіп, жиі қайталап тұрамыз. Себебі сенбі-жексенбі осындай заңсыз балық аулаушылар көп.
Жауапты мамандар тұрғындардың тазалықты сақтамайтынын да айтады. Қазір Жайықтың теңізге құяр жеріне дейінгі аумақ қоқысқа толған. Мемлекеттік инспекторлар қанша ескерткенімен тұрғындар оны елемейді.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин, «Хабар-24», Атырау.