Алдағы 10 жылда АЭС салатын елдің саны артады
Климаттық дағдарысты еңсеру үшін атом энергетикасы арқылы өндірілетін электр энергиясын екі есе арттыру керек.
Франциядағы көрмеде МАГАТЭ басшысы осылай деді.
Сондықтан алдағы жылдары жаңа реакторлар құрылысына ден қойылмақ.
Көрме Париж іргесінде өтті. Оған 76 елдің өкілі келді. Бәрі бүгінде атом электр станциясының игілігін көріп отыр деуге келмейді. Бірақ болашақта АЭС салуға қатысты жоспары бар.
Тьерри Бретон, ішкі нарық сұрақтары жөніндегі еурокомиссар:
- Атом энергетикасының әлеуеті зор. Өйткені ауаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін азайтуда рөлі орасан. Десе де мұндай станцияның құрлылысы қомақты қаржыны қажет етеді. Бұл – бір. Екіншіден, кәсіби мамандардың болуы шарт. Тағы бір маңызды мәселе – инновация.
Алдағы жылдары салаға рекордтық мөлшерде қаржы құйылмақ. Мұндай инвестиция өзін-өзі толықтай ақтайды дейді сарапшылар. Сондықтан аталған шара барысында атом энергетикасына жекенің ақшасын тарту жағы да қызу талқыланды. Өйткені қазіргі таңда әлем бойынша жаңадан салынып жатқан 60 реактордың дені бюджет есебінен қаржыландырылуда.
Рафаэль Гросси, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік директоры:
- Алдағы бірнеше жылда әлемнің 12-13 елі атом энергетика саласындағы алғашқы жобасын жүзеге асыруға кіріседі. Бұл айтарлықтай жетістік. Африка мемлекеттеріне келер болсақ, қазіргі таңда олар дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр. Өйткені атом электр станциясы құрылысына 5-7 жыл керек. Менің ойымша, алдымыздағы онжылдықта АЭС салатын елдер қатары арта түседі. Қазірдің өзінде бұл тізімде Біріккен Араб Әмірліктері бар. Ал Түркия жақын арада өзінің алғашқы атом энергиясын іске қосады. Египетте де нысан құрылысы жүріп жатыр.
Еуропа елдерінде 45 жаңа реактор салынады. Бұл туралы шара барысында белгілі болды. Қытай да қалыс қалмай тағы 150 реактордың құрылысын бастамақ. Бірақ мұның өзі көміртектің бейтараптыққа қол жеткізуге жеткіліксіз дейді сарапшылар. Сондықтан бұл мәселе Дубайда өтіп жатқан КОП-28 климаттық конференциясындағы басты тақырыптардың біріне айналуы тиіс.
Жұлдыз Атагельдиева, Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан, «Хабар-24, Франция.