Қыс қызығы
Қыс басталысымен елорда тұрғындарының Есіл жағалауына қарай асығатыны рас.
Өйткені мұнда күн ұзақ теледидар мен телефонға телміріп отырғанша, демалысын таза ауада көңілді өткізуге болады. Қаланың барлық ауданында мұз қалашықтары мен сырғанақтар салынған.
Қар түсіп, қыс басталса қала тұрғындары қысқы спортқа ден қояды. Кейбірі бос уақытында мұз айдындарына барып конькимен сырғанаса, енді бірі хоккей ойнап, шаңғы тебеді. Жасы да кәрісі де қызығатын бұл спорт түрлерінің денсаулыққа да пайдасы зор. Демалысын тиімді өткізіп жүргендердің бірі – зейнеткер Райгүл Мұратбекқызы. Оның айтуынша, таза ауада жаттығу жасау – әдемі қартаюдың бір жолы.
Райгүл Мұратбекқызы, зейнеткер:
- Қыстың күндері үйде жата бермей, таза ауада скандинавиялық жүріспен серуендеп жүрмін. Өте тамаша бұл денсаулыққа да, көңіл-күйге де жақсы. Бәріне айтарым, спортпен айналысыңыздар. Көңіл-күйге өте жақсы әсер етеді.
Скандинавиялық жүрісті кейде солтүстік жүрісі деп те атайды. Бұл спорт түрімен миллионнан астам адам шұғылданады. Мұны Финляндия елінің шаңғышылары жазда спорттық баптарын жоғалтып алмау үшін ойлап тапқан.
Қаламқас Толымбекқызы, жаттықтырушы:
- Барлық спорт түрі өте пайдалы. Қысқы спорт әсіресе пайдалы. Өйткені күн суық, таза ауа. Күн суықта біз калория көбірек жұмсаймыз. Сондықтан егер денеңізді жақсы формада ұстап, салмақ түсірем десеңіз бұл сізге таптырмайтын әдіс осы қысқы спорт түрлері.
Табиғатты ақ көрпесіне ораған қыстың күні шана сүйреп, мұз айдынында сырғанау демалысты қызықты өткізуге таптырмас шешім. Ауа райы да қала тұрғындарының сәтті демалысына көмегін тигізіп тұрғандай. Биыл Астана қаласы бойынша 60-қа жуық сырғанақ пен мұз айдыны ашылған болатын. Оның ішінде қала тұрғындарының қызығушылығын оятқан 290 метрлік мұз айдыны.
Ернар Мырзахан, Нұра ауданы әкімдігінің ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің басшысы:
- Аталған мұз айдыны Тұран даңғылы бойында орналасқан сағат мұнарасынан бастау алып, Атырау көпіріне дейін жалғасады. Бүгінгі таңда бұл мұз айдыны әзірге жабық тұр себебі ауа райының қолайсыздығына байланысты. Ауа райының ыңғайына қарай мұз айдыны тез арада ашылады деген сенімдеміз.
Жалпы Нұра ауданы бойынша бұдан бөлек 5 демалыс орны ашылып, 6 шырша орнатылған. Шағын архитектуралық фигуралар мен фотоаймақтар, төбешік пен сырғанақтар да бар. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл игіліктерді жеке жабдықтарды қоспағанда қыс бойы ақысыз қолдана алады.
Зарина Кәп, Серік Конырбаев, «24.KZ»