Қоқыс полигондары жабылады
Маңғыстау облысында жыл соңына дейін рұқсат етілмеген қоқыс алаңдары жойылады.
Қазір Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында 60 гектар аумақ тазартылып жатыр. Енді 27 орын қалды. Бұл шамамен 40 мың тонна тұрмыстық қалдық.
Мамандардың айтуынша, өңірде осындай заңсыз алаңдар жыл сайын көбейіп барады. Ал оның зардабы қоршаған ортаға тиіп жатыр.
Осыған байланысты экология және табиғи ресурстар министрлігі ғарыштық бақылауды ірі қалалармен қатар халқы 10 мыңнан асатын елді мекендерге де енгізу туралы шешім қабылдады. Биыл соның арқасында рұқсат етілмеген 111 полигон анықталды. Олардың көбі Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы аудандарында тіркелді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 84 орын жойылды.
Әсел Балманова, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Облыс бойынша 2023-2026 жылдарға қатты тұрмыстық қалдықтарды және стихиялық қоқыстарды жою бойынша арнайы бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарлама аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды жоюға арналған полигондар және уақытша сақтау полигондары барлығы ретке келтіріледі.