Маңғыстауда он ауылды құм басуы мүмкін
Маңғыстау облысында 10 ауылдық елді мекенді құм басу қаупі бар.
Тізімдегі бес ауыл Бейнеуде, қалғаны Түпқараған, Қарақия және Маңғыстау ауданында орналасқан. Тұрғындар жер үйлерге, мал қорасы мен бау-бақша егетін жерлерге көшпелі құм жақындағанын айтып, әкімдіктен көмек сұраған. Өзекті мәселені шешуге қазақстандық ғалымдар тартылатын болды. Мамандар биыл жазда кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізбекші. Осы мақсатта бюджеттен 65 млн теңгедей қаржы қарастырылып отыр. Құмның қозғалу бағыты белгілі болған соң, алдына сексеуіл егіледі.
Әсел Балманова, Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Зерттеушілер өз пікірлері мен ұсыныстарын беретін болады. Аталған жұмыстарға 3 биолог, 3 гидробиолог пен 3 географты талап еткен болатынбыз. Ағашты өзіміздің еркімізге қарай көрінген жерге егуге болмайды. Өйткені, бұл жерде заңдылықтар сақталуы тиіс. Ең біріншіден, дендрологиялық карта, яғни схемасы қай жерде, қандай бағытта қалай өсетіндігі туралы біз ақпарат алуымыз керек. Содан кейін топырақтың құрамы, физикалық-химиялық құрамы есепке алынуы керек.