Өзеннің тазалығын өзіңіз бақылай аласыз
Өскемендік ғалымдар өзендердің ластануын дер кезінде анықтауға мүмкіндік алды. Химиктер мен гидрологтар арнайы онлайн карта жасады.
Судағы түрлі ауыр металдар туралы дерек сағат сайын жаңартылып отырады. Одан бөлек эко-жобаны телефонға қосымша арқылы жүктеп алуға да болады.
Шығыс Қазақстан облысындағы өзендерде Менделеев кестесіндегі барлық минерал бар. Ғалымдар оған үнемі анализ жасап, бақылауда ұстап отырады. Себебі судағы артық қышқыл – балық пен өсімдікке зиян.
Енді ғалымдар өңірдегі ең көп ластанған Үлбі өзенінің экологиялық жағдайын жаңа бағдарламаның көмегімен онлайн режимде бақылайтын болды. Өзен суын ластайтын өндірістік кәсіпорындарға талап күшейеді.
Мәселен Үлбіде марганец концентраты 5 есе артқан. Ал 2018 жылы өзен қатты ластанған кезде марганец пен мырыш рұқсат етілген мөлшерден 150 есе асып түскен болатын.
Ағыстың жоғары жағында 1,5 шақырым қашықтықта судың химиялық қасиеттерін талдап, оның химиялық сипаттамаларын анықтайтын автоматтандырылған станция орнатылған.
Техника және технологиялар магистрі Бақытжан Көпжасаров жағдайды өзгертуге ниетті. Ол ағыс бойына датчиктер орнатып, сағат сайын өзеннің тазалығын бақылауға дайын. Одан әрі деректерді цифрландыру жүйесі арқылы ұялы телефонның қосымшасына енгізбек.
Бақытжан Көпжасаров, техника және технологиялар магистрі:
- Мысалы судың түсінің өзгеруі. Судың түсінің өзгеруі кейбір жағдайда табиғи жолдан болуы мүмкін. Сонда біздің өзенге орнатқан автоматтық станциямыз өзеннің химиялық сараптама жасап және физикалық сипатын анықтай отырып, қала тұрғындарына автоматты түрде ақпарат жеткізеді.
Әзірге Бақытжан өз жобасын студенттерімен бірлесіп жүзеге асыруға кірісіп кеткен. Қажетті дүниенің барлығын әзірге қолымен жасап көреді. Себебі барлығын бірден автоматтандару едәуір қаржыны талдап етеді. Алайда жаңа жобаны қаржыландырғысы келетіндер де бар. Қалталы азамат Үлбі су бассейнін қорғау үшін инвестиция салуға дайын екенін жеткізді.
Алмас Жәкішев, эко-жобаның демеушісі:
- Бұл жоба экологияға қатысты болғандықтан бізді қызықтырып отыр. Бұл жобаны біз толық аяқталған кезде қаржыландыруға көмек береміз.
Қазір Көпжасаровтың ғылыми тобы Өскемен қаласының алғашқы 3D картасын жасап жатыр. Ол қала мен оны қоршаған ортаның жағдайы туралы виртуалды нұсқаулық береді. Жоба жалпыға қолжетімді болады.
Жандос Жұмабек, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин «24.KZ» Шығыс Қазақстан облысы