Кеңгір кемеріне келді
Жезқазғандағы Кеңгір су қоймасы араға 7 жыл салып қайта толды.
Тоғанға небәрі 3 күнде 250 миллион текше метр су келді. Жасанды көлдің жалпы сыйымдылығы 319 миллион текше метр.
Артылған су шлюз арқылы Сарысу өзеніне жіберіліп жатыр. Кезінде Қаныш Сәтбаев салдырған су қоймасы өндіріс орындарын шаруашылық суымен қамтиды. Жезқазған тұрғындары да ауызсудың 70 пайызын осы жерден алады.
Жезқазған жұртын көктем сайын «Кеңгірге су келе ме?» деген сауал толғандырады. «Кеңгір» деп отырғаны қаланың іргесіндегі жасанды көл. Бастауын Арғанаты тауынан алатын Қаракеңгір өзенінің төменгі ағысына салынған. Тоғанға қардың аздығы мен қуаңшылыққа байланысты соңғы кезде мардымды су келмейтін. Енді араға 7 жыл салып арнасы қайта толды. Симаған 150 млн текше метр су Кеңгір өзені арқылы Сарысуға жіберілді.
Бекзат Дайрабайұлы, облыстық мәслихат депутаты:
- Бәрімізге жақсы, көңіл көтеріліп, ернеуіне толып, қуаныш сыйлады. Енді осы суымызды сақтап алсақ. 5-6 жылда келетін бұрын, биыл міне 7-жыл өңірімізде су болмағалы. Қуаңшылықтан, экологиялық жағдай, ауру-сырқау бәрі судың аздығынан ғой. Су несібесі биыл төгіліп, жақсы болды жағдайымыз. Осы суымызды үнемдеп, игілігімізге жаратамыз деп ойлаймын.
Кеңгірдің суын жалғыз Жезқазған емес Сәтбаев қаласы мен оған қарасты елді мекендер де пайдаланады. Жезқазған халқы ауызсудың 70 процентін осы ашық су қоймасынан тұтынып отыр. Көктемде көл толмаса, көңілдің де ортайып қалатыны сондықтан.
Алмас Жандарбеков, ТҮКШ және энергетика басқармасының басшысы:
- Жылына 65 млн текше метр су жұмсаймыз. Соның ішінде 25 млн-ы халыққа кетеді, қалған 40 млн-дайы өндіріс ошқатарына кетеді. 213 млн текше метр ғана су қалған еді. Қазір толтырып алдық. Амандық болса енді осы суды үнемдеп пайдаланып, әріқарай жаратамыз деген ойдамыз.
Су қоймасы ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен салынған. Толық жөндеу көрмесе де жарты ғасырдан астам уақыт мінсіз жұмыс істеп келеді. Жасанды көлдің арнасы иесіз, ал гидротехникалық құрылғылары жер қойнауын пайдаланушы компанияның басқаруында. Стратегиялық нысанды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр.
Қуат Имантүсіпов, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Республикалық балансқа су тоғаны, бәрі жерімен қоса алынатын болса, «Қазақмыс» корпорациясы гидротехникалық құрылыстың бәрін, шлюздерін де балансқа беруге дайын.
Былтыр облыс аумағында алғаш рет барлық су нысандары түгенделіп, электрондық-цифрлық база құрылды. Шөлейтті аймаққа жататын өңірде ірілі-ұсақты 111 көл мен 1341 өзен бары анықталған. Дегенмен олардың басым бөлігі көктемде тасып, жаздың ортасына қарай тартылып қалады. Сондықтан соңғы жылдары Сарысу секілді ірі өзендердің бойына тоған салу мәселесі көтеріліп келеді.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, «24.KZ», Жезқазған