«Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері үйлердің маңын тазартып жатыр
Төрт мыңға жуық волонтер су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге аттанды.
Олар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында тұрғындардың үйлерін ретке келтіруге көмектеседі. Сонымен қатар «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері үй маңындағы үйінділерді тазартып жатыр. Мәселен, еріктілер Ақмола облысындағы су басқан Ивановка кентінде тасқын салдарын жоюға кірісіп кетті.
Ақерке Ескендірова, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
- Қазіргі таңда су кетіп, тұрғындар үйлеріне қайтып келіп жатыр. Сондықтан да жалғызбасты қарияларға және жалғызбасты аналарға үйлерін қалпына келтіру жұмыстарына көмектесуге келдік. Жалпы осы жерде біздің волонтерлер бір апта бойы жұмыс жүргізетін болады. Дәл осындай жұмыс бізде қазір Қостанай облысында, Абай облысында және Ақтөбе облысында бастау алды.