Қызылордада сенбілікке мыңнан астам тұрғын қатысты
Бірлік күні Қызылордада жаппай қалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл өңірде 100 мың түп көшетті күтімге алу жоспарланған. Оның біраз бөлігі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында егіледі. Тұрғылықты мекенді тазалап, ағаш отырғызу шарасына мыңнан астам қала тұрғыны атсалысты. Саябақтар мен гүлзарлардың сәні мен әрін кіргізуге барлық мекеме ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдар, ерікті жастар мен этномәдени бірлестік өкілдері бір кісідей жұмылды. Күрек, тырмасын асынған олар таң алакеуімнен тыным тапқан жоқ. Қоқыс теріп, жер қопсытты. Терек, үйеңкі, қарағаш пен Сыр талының шыбығын арықтар бойына қаз-қатар екті.
Жалпы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы облыста 50 мыңға жуық көшет егілген. Сонымен қатар бірнеше өзен мен көл жағасы тазаланып, арық жүйелері аршылды. Қала ішіндегі су арналары мен субұрқақтар жөнделіп, 4,5 мың тонна қоқыс шығарылды.
Елена Пак, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілі:
- Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Міне, осы мереке аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы жастар өңіріміздің көркеюіне атсалысып жатыр. Яғни, осындай кезде бірлігі, ынтымағы айқын көрініп отыр деп айта аламын. Еліміздің дамуы үшін ең алдымен бірлік, тұрақты даму қажет деп ойлаймыз. Себебі бірлік бар жерде тірлік болады. Даму, ілгерілеу жүзеге асады.