«Құралайдың салқыны». Қырда киік төлдей бастады
Қырда киік төлдеп жатыр. Құралайлардың алды аяқтанып, өріске шықты.
Қорықшылардың айтуынша төлдеу науқаны мамырдың аяғына дейін жалғасады. Дала төсіндегі ақбөкенге әлі санақ жүргізілген жоқ. Ал былтырғы есеп бойынша елдегі киік саны 2 млн-нан асқан. Жақын күндері олардың саны бірнеше жүз мыңға көбейеді.
Қырда киік төлдей бастады. Қазір инспекторлардың жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Олар үйірлерді алыстан бақылап, ит-құстан қоруға кірісті. Мамандардың айтуынша, төлдеу науқаны айдың соңына дейін жалғасады.
Нұрлан Рахымжанов, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
- Мамыр айының 5-6-ларында киіктердің төлдеуі басталады. Себепсіз үркітпеу керек оларды, стресс болмауы керек. Сондықтан, соны қадағалаймыз. Содан жиырма күндей, 20-25 күн жүреді ғой. Былтыр төлсіз 1 млн 130 мың болса, биыл енді шамамен миллион сегіз жүзден асуы да мүмкін.
Кейінгі 20 жылда елдегі ақбөкеннің саны 120 есе өсті. Яғни, 2003 жылы 21 мыңның маңайында болса, былтыр 2 млн 600 мыңға жетті. Ал енді екі жылда 4 млн-нан асады деп хабарлайды жауапты министрлік.
Болжамды деректер бойынша 2023 жылдың соңында ақбөкендердің жалпы саны төлдерімен есептегенде шамамен 2 миллион 600 мың болды. Оның ішінде Орал популяциясы 1 миллион 500 мыңнан асты. Ал жыл сайынғы 40 пайыздық өсімді ескерсек, 2025 жылдың соңына қарай Қазақстандағы киік саны 4 миллион 200 мыңға жетеді – дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Сәуір айында Қостанай облысына барған Президент киіктерді атуға тыйым салынатынын айтты.
Қазақ даласының символына айналған ақбөкеннің көбеюіне тосқауыл қоятын шешім күшін жояды - деді Мемлекет басшысы.
Демек, ықылым заманнан келе жатқан жануарға адамнан қауіп төнбеуге тиіс.
Нұрқанат Қанапия, 24. KZ