Су мәселесі. «Достық» достық таныта ала ма?
Биыл Қазақстан «Достық» каналы арқылы Өзбекстаннан 922 миллион текше метр су алады.
Бұл жөнінде Шымкентте өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 86-отырысында айтылды. Жиынға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстаннан келген делегаттар қатысты.
Мақтаарал ауданының тұрғыны Бақтияр Жанымбаев жылда мың гектар алқапқа мақта, көкөніс дақылдарын егеді. Өнім шығымы суару кезіндегі ағын судың мөлшеріне тікелей байланысты, дейді. Бірақ соңғы жылдары тіршілік нәрінен тапшылық көріп отыр.
Бақтияр Жанымбаев, шаруа:
- «Достық» каналы арқылы су аламыз. Жылда диқаншылық істейміз, мақта егеміз. Бау-бақша егеміз, жүгері егеміз. Биыл су тапшылығы болмайтын шығар деп ниет етіп жатырмыз. Барынша суды уақытылы берсе, диқаншылық пісіп-жетілген кезде жылда судан тапшылық көреміз. Сол үшін алдын ала сумен қамтамасыз етсеңіздер.
Өзбекстаннан келетін «Достық» каналынан Мақтаарал мен Жетісай аудандарының 80 мың гектар алқабы суарылады. Жылда көрші елден 700 млн текше метр су келеді. Бірақ ол жаз ортасында тартылып қалатындықтан диқандар өнім пісетін кезде ағын судан тарығады. Мамандардың биылғы болжамы көңілге қонымды. Ағын су жеткілікті болады деп отыр. Себебі жақында көршілес бес елдің суға жауапты мамандары ортақ суды бірлесіп пайдалану туралы келісім жасады.
Қазыбек Бедебаев. "Қазсушар" РМК Түркістан филиалының директоры:
- Биыл енді жақсы келісімге келіп отырмыз. Соның арқасында шаруашылықтарымыз өнімді мол алуы керек. 922 млн текше метрді толық алуымыз керек. Оған қоса біз «ҚазСуШар» мекемесі МАШ каналының насостарын дайындап қойдық. Қазір 50 текше метрді беймарал алуға жағдай жасап қойдық. Жетпеген кезде соны қосамыз.
Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 86-отырысына еліміздің Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те қатысты. Жиынға қатысушылар жыл басынан бері еліміз төрағалық ететін Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы жұмысты талқылады.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының бірлескен шаралары және Әмудария, Сырдария бассейндері инспекциясы жұмыстарының нәтижесінде жылдан-жылға су тапшылығы мәселесін бірлесіп шешуіміз керек. Осының нәтижесінде біз барлық ел мен тараптардың және Арал теңізінің мүддесін есепке ала отырып, ортақ су ресурстарын қорғап қала аламыз.
Қазір оңтүстіктегі егіс алқаптары үшін Қырғызстанның Тоқтоғұл су қоймасында 8 млрд текше метр су жиналып тұр. Ал Түркістан облысындағы Шардара су қоймасында 4,8 млрд текше метр су бар. Басқосуда тараптар суару маусымында Сырдария өзеніне 3,5 млрд текше метр су жіберуге келісті. Өз кезегінде бұл Сырдың сағасындағы бес ауданның шаруаларын ағын сумен қамтуға жеткілікті болады.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш «24.KZ» Түркістан облысы