500 адам Сібе көлдерінің жағалауын тазартты

Ел шығысында «Таза Қазақстан» акциясына 400 мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Жалпақ жұртты жұмылдырған жоба аясында ауыл маңы мен елді мекендер ғана емес, халық көп демалатын көрікті жерлер де тазаланып жатыр. Мәселен, осы демалыс күндері 500 адам бірігіп, Сібе көлдерінің маңайындағы күл-қоқысты жинады.

Сібе көлдері – Ұлан ауданында, тау арасындағы тостағандай әдемі 5 көл. Қалаға жақын болғандықтан, жаз шыға бұл жақта демалушылар көбейеді. Аян Қалымбектегі де мұнда өзі сияқты бір топ белсенді жасты бастап келді. Бірақ мақсаты демалу емес – табиғаты көз тартар аймақты қоқыстан тазарту.

Аян Қалымбектегі, экологиялық бірлестік жетекшісі:

- Тазалықты мен жақсы көрем, таудың тазалығын, орман тазалығын өзім қаншалықты демалғанды, қыдырғанды жақсы көрем, сол жерді біз лайықты жинауымыз керек. Кейінгі ұрпаққа, кейінгі келетін адамдарға сол қалпында әдемі қалдыруымыз керек. Сол үшін, сол мақсатта ешқандай бір сенбілікті өткізбеуге тырысам.

Туристік аймақ әп-сәтте тап-таза болды. 17 тонна күл-қоқыс шығарылды.

Думан Рахметқалиев, Ұлан ауданының әкімі:

- Ең маңыздысы, енді Ұлан ауданы қалаға өте жақын, демалыс жерлері бар. Осы қалай таза бастадық, таза қылып солай ұстайық, өз жерімізді, маусымды қалай бастаймыз, тура солай бітірейік деген ниетпен өте көп кісілер шықты жұмысқа.

Акцияға жол қызметінің ұжымдары ерекше қолдау білдірді. Бірі трасса бойындағы шашылған қоқысты жинап шықса, енді бірі көшет отырғызды.

Айдын Нұралдинов, «ҚАЖсервис» жол қызметінің бас инженері:

- Жол бойынан, демалыс алаңынан 800 мың шаршы метрден қоқыс жиналды, Бірақ адамдар әйнектерінен келе жатып қоқыс тастайды, тоқтап, қоқыс тастайды. Соның бәрін жинап, республикалық маңызы бар жолдарды таза ұстауға тырысамыз.

Ержан Аязбаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШҚО филиалының директоры:

- Біз осы Өскемен мен Семейдің арасындағы учаскеге 200 түп көшек отырғыздық. Бұл желек болашақта жол бөлігін қардан, судан, желден қорғайтын болады.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында өлкеде жалпы 40 мың ағаш егілді. 6 мыңға жуық су көзі тазаланды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.