Павлодарда киіктер төлдей бастады
Павлодар облысында киік төлдеп жатыр. Киелі жануар құралайын өргізетін мезгілде сақтық шаралары күшейе түседі.
Сәуір айында жүргізілген санақ бойынша Баянауыл мен Май ауданындағы ақбөкендер саны 25 мыңға жуықтап қалған.
Сайын даланы шаңға бөгіп, жөңкіле ағылатын ақбөкендерді бақылау оңай емес. Аңшылық шаруашылығының бір инспекторына үш мың шаршы шақырымдай жер бөлінген. Киіктердің қозғалысын олар алыстан шолып отырады.
Қайрат Сейітқажин, Баянауыл ауданы тірек пунктінің топ жетекшісі:
- Жетінші мамыр күні осы қызметке кірістік. Мына Павлодар облысы бойынша біз Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы «Охотзоопром» - деп айтамыз, жануарлар дүниесін қорғау, оны молайту өсіру бойынша заңға сәйкес қызмет атқарып жатырмыз. Біздің қызметіміз – заңсыз аңшылық болдырмау. Бізге берілген үш машинамыз бар.
Киіктердің жаппай төлдеуіне байланысты арнайы бекеттер қойылды. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Акция мамыр айының соңына дейін жалғасады.
Дәурен Қабышев, табиғат қорғау полициясының инспекторы:
- Киік алдын алу іс-шарасына байланысты біз көлік құралдарын тоқтатып, тексереміз. Әсіресе киіктің негізгі мекені Баянауыл мен Май аудандарының аумағында түсіндіру жұмыстары қарқын алған. Жануарлардың бұл түрі аңшылыққа жатпайтынын қатаң ескертеміз!
Киіктер екі ауданның шекарасындағы жазық далаға тұрақтаған. Бұл жануарлардың өмір сүруіне қолайлы жер. Суы мол, шөбі шүйгін. Ең бастысы, ақбөкендер ешқайда ауып кетпейді. Жауапты сала мамандары оларды күзетіп қана қоймай өсімін де бақылап отырады.
Руслан Төлепбаев, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
- Жылдың басынан бері «Охотзоопром» мекемесі мен облыстық орман шаруашылығы жануарлар дүниесі мекемесі инспекторларымен бірлескен 6 рейдтік іс-шара өткізілді. Сонымен қатар «Ақбөкен» акциясы аясында ақбөкендердің жай-күйін қаралды. Қазіргі таңда олардың жағдайы қанағаттанарлық. Төлдеу басталды. Браконьерлік фактілер тіркелген жоқ.
Павлодар облысында киіктің Бетпақдала популяциясы мекен етеді. Осы жылдың сәуір айында әуеден санақ жүргізілді. Киелі жануарлардың саны 25 мыңға жуықтаған. Шығын жоқ. Соңғы бес-алты жылда бір де бір киік ату дерегі тіркелмепті.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, 24.KZ, Павлодар облысы