Киік төлдейтін кезде адам ғана жауыздыққа барады
Құралайдың салқыны өтіп жатыр. Бетпақдалада киік төлдеп, қоңыр аңға табиғаттың өзі қорған болып тұр.
Өйткені осы уақта құралайды көлегейлеп түйетабан өседі. Қарақұс та балапан басып, ұясынан ұзамайды. Бір қиыны даланың еркесіне бұл уақта аң-құстан емес адамдардан қауіп көп. Браконьерлер ұсталып та жатыр. Қызылорда облысында «Киік» акциясы басталған. Бетпақдаладағы рейдке әріптесім Нұрлан Жақыпбек те шыққан еді.
Қызылорда мен Ұлытау облыстарының шекаралас аумағы – киіктің миграциялық жолы. Әдетте дала еркесі қыс айларында осы жерде өріп, көктемде сулы жақтарға көшеді. Қазір сайын дала сұлуларының төлдейтін кезеңі. Алайда қаскөйлерден төнген қауіп сейілмей тұр.
Ен даланы шолып жүрген инспекторлар жол талғамайтын көліктің ізіне түсті. Көп ұзатпай-ақ қуып жетті. Мына екі ақбөкенді жайратып тастаған күдіктілерді табиғат инспекторлары рейд барысында ұстады. Олардан мылтық пен оқ тәркіленді.
Рақымжан Бурабаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
- Екі аталық киікті заңсыз атып, сойып, тасымалдап келе жатқан 5 азамат анықталды. Енді ол қылмыс қазіргі уақытта Сырдария аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес қылмыстық іс тергелуде. Тергеу барысында да, сотта да талап арыз келтіріліп, шағым беріліп, тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
Төлдеу кезеңінде табиғаттың өзі кеңдік жасайтын ен даланың еркесіне зобалаң көбіне адам қолынан келеді. Заңсыз аң аулауға қатысты жыл басынан бері бірнеше жаға ұстатар дерек тіркелді, - дейді мамандар.
Ерболат Бекжанов, "Охотзоопром" РМҚК өңірлік филиалының инспекторы:
- Жыл басынан бері «Охотзоопром» инспекторлары 14 қылмыскерді ұстады. Табиғат қорғау полициясымен, аумақтық комитетпен бірлескен іс-шаралар бар. Қыстың күні 76 киік, одан кейін 31, 35 бас киік атып ұсталғандар бар.
Ақбөкен төлдейтін кезде қасқырдың жағы қарысып, қарақұстың жұмыртқа басатын сәті дөп келеді. Киелі аңға қатысты табиғаттың тылсымы аз емес, - дейді мамандар.
Қайырбек Маханбетәлиев, "Охотзоопром" РМҚК өңірлік филиалының инспекторы:
- Түйетабан деген жапырақ бар, әрқайсымыз әртүрлі айтамыз. Сол жапырақ киік төлдейтін кезде ғана өседі. Төлдері жүгіріп, аяқтана бастаған кезде ол да сарғайып, бірге домалап қарақұстар шұқып кетпейтіндей, сонымен бірге алаңдатып, қорған болады қазақтың сөзімен айтқанда.
2019 жылы Бетпақдала популяциясында небәрі 111 мыңнан астам киік болса, былтыр 745 мыңнан асқан. Ал ел көлемінде екі миллионға жуық киік бар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев, «24.KZ» Қызылорда облысы