ШҚО-да заңсыз қоқыс полигондары жойылды
Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ондаған заңсыз қоқыс полигон жойылды, деп хабарлайды 24KZ.
5 мың текше метрден астам тұрмыстық қалдықтар жиналып, қала сыртына шығарылды. Қазір өңірдегі тазалықты тәртіп сақшылары мен экология белсенділері қатаң бақылауға алған. Олар арнайы карта арқылы қоқыс үйінділерін бірден анықтайды.
Қоғам белсендісі Роман Мижениннің әлеуметтік желідегі парақшасынан қай аймақта қоқыстың шығарылмайтынын көруге болады. Себебі жергілікті тұрғындар оған үйілген қалдықтардың суреті мен мекенжайын жазып жібереді.
Өскемендегі Ертіс өзенінің жағасындағы мына қоқыс бірнеше ай төгілмепті. Соның салдарынан тау болып үйіліп қалған. Шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтарды экологиялық инспекторлар бақылауға алды.
Ақнұр Қанафина, мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің аға инспекторы:
- Егер де жеке тұлғалар заңсыз қоқыстар тастайтын болса, 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жауапқа тартылатын болады. Әкімшілік кодекс бойынша.
Коммуналдық мекеме қызметкерлері орындалған жұмыс бойынша қатаң есеп береді. Егер қоқыс төгілген жерлер тазартылмаса, жауапты шенеуніктер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Бексұлтан Еркінұлы, коммуналдық кәсіпорын инженері:
- Осы уақытқа дейін заңсыз 20-дан астам қоқыс полигоны анықталып, 2009 текше метр тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Біз аумақтық басқармалармен бірлесіп, сметалық жоба әзірлейміз. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығымен қоқыс полигондарын тазартамыз.
Қала аумағын қоқыстан тазартуға 100-ден астам коммуналдық мекеме қызметкері мен белсенділер жұмылдырылған. Экологиялық акция басталған 150 шақырымға жуық қоқыс полигоны тазаланып, қалыпқа келтірілді.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.