Қызылордалық оқушы қоқысты кәдеге жаратып жүр
Ол пластик, шыны және қағаз қалдықтарынан түрлі пайдалы заттар жасайды, деп хабарлайды 24KZ.
Қаршадай қыз қоршаған ортаға пайдасын тигізу бастамасын екінші сыныптан қолға алған. Қазір оның қолынан шыққан экоәліппе, экосағат және ортокілемшелер мамандар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Бірнеше республикалық экологиялық жобалар байқауында да жеңімпаз атанды.
Жаратылыстану пәніненде пайдалануға болатын бұл көрнекілікке арнайы QR-код жапсырған. Осылайша, әр жәндік туралы ақпаратқа оқушылар цифрлық үлгіде қол жеткізеді. Мұнан бөлек, қоқыс қалдықтарынан экосағат жасады.
Айару Бақытжан, оқушы:
- Әлемде жыл сайын 5 миллион тоннадан астам қалдықтар түзіледі және ең бірінші орында тұрған 32,5% пластик. Біз сол пластик көп тасталатын болғасын содан көрнекіліктер жасадық және екінші орында тұрған 28,5% қағаздар мен картондар. Осы көп тасталатын қалдық заттардан көрнекіліктер жасап, осы проблеманың шешімін шешіп жатырмыз.
Айару сыныптасы Бақдәулетпен бірге тағы бірнеше экожобаны қолға алған. Олар мектеп жанынан экоклуб та құрып үлгерген. Ол үшін арнайы күнтізбе, экоәліппе және логикалық тапсырмалары да әзір. Жуырда олар республикалық экологиялық жобалар байқауында жеңімпаз атанды.
Бақдәулет Бақыт, оқушы:
- Біздің мектебімізде табиғат бұрышы бар. Оның ішінде балықтар мен тотықұстар бар. Яғни, біз эковолонтерлер болғасын біз оларға уақытылы тағам беріп, гүлдерді суарып отырамыз. Келесі баламалы энергия мен су ресурстарын үнемдеу, дұрыс тамақтану осы бағыттар бойынша акциялар өткізіледі.
Ізденімпаз оқушылар қоқыс қалдықтарынан түрлі ойыншықтар мен ортокілемшелер де жасады. Олар бұл жетістікпен тоқтамақ емес.
Жармахан Алтынай, биология пәнінің мұғалімі:
- Экологиялық косметика өнімдерін және экосабындарды жасау. Ағаш үгінділері де төгіліп жатады. Соны дұрыс пайдалану үшін субстрат ретінде пайдаланып, өсімдіктерді ағаш үгіндісінде өсіріп көрдік. Жақсы нәтиже алдық.
Айгүл Өткелбаева, мектеп-лицей директоры:
- Біздің мектебіміз Экология министрлігі ұйымдастырған республикалық ұлттық конкурста жеңімпаз атанды. Өткен жылы мектебіміз 34 миллион теңгенің иегері атанды. Қазіргі таңда сол 34 миллионға мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмыстар жасалып жатыр.
Қызылорда қаласындағы «Жасыл мектеп» жобасын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген Айару «Ақылды жылыжай» жобасын да жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарын жетекшісімен бірге қазірден бастап кеткен.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.