«Жайық-Каспий» каналын тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр
Атырауда тасқын суды кідіріссіз Каспий теңізіне өткізуге арналған жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Өзенді теңізбен жалғайтын негізгі арна - «Жайық-Каспий» каналының ұзындығы – 56 шақырым. Қазір оның 2,5 шақырымы қазылды. Жалпы өзен суы теңізге 6 канал арқылы құяды. Биыл оның төртеуі тазартылып, қосымша 2 арнаны аршу жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы 20 жылда өзеннің теңізге құятын сағасын құм басып, бітеліп қалған еді. Кей учаскелерде каналдың тереңдігі 40-50 сантиметрге дейін таяздаған. Енді тасқын су ешқандай кедергісіз теңізге құятын болады.
Талғат Бисен, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл жұмыстар облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес басталған болатын. Оған 2 экскаватор-амфибия және 2 земснаряд тартылды. Бүгінгі күні ені 20 метр, тереңдігі 2 метр болатын түп тереңдету жұмыстары атқарылып жатыр. Бұған дейін 3-ші және 6-шы өзектерді аршу және түбін тереңдету енін кеңейту, сонымен қатар «Приморский», «Зарослый» каналдарында түп тереңдету жұмыстары орындалған болатын.